Қазақстанда бензин бағасы күрт қымбаттады. Энергетика министрлігі жанармай құнын көптен бері ешкім реттемегенін айтты.
Жанармай бағасы айналдырған екі-үш күн ішінде 10 теңгеге қымбаттады. Ал жыл басынан бері АИ-92 отынының литрі 20-30 теңгеге, АИ-95 маркалы 5 теңгеге өскен.
Экономистер қымбатшылық қарашаны әлі де қыспаққа алатынын айтты. Олар жанармай құны алдағы уақытта шарықтап, АИ 92-нің литрі 200 теңгеден асып түседі деген болжам жасады. Тіпті, бензин бағасы азық-түлік құнына да кері әсер етіп, елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін деп отыр.
«Бензин бағасының өсуі барлық тауар құнының көтерілуіне алып келуі мүмкін. Азық-түлік бағасы тағы да шарықтап кетуі де ғажап емес. Қазақстан билігі көлік отынының құнын ұстап тұруға қауқарсыз. Оны мойындайтын уақыт келді. Қазір төрткүл әлемде дағдарыс. Пандемия барлық мемлекетке соққы болғаны баршаға аян», - деді экономист Әкімжан Арупов.
Фото: zr.ru