18 наурыз күні ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізген еді.
Отырысқа «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Үкімет мүшелері, өңірлердің әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, даму институттарының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылығы және т. б. қатысты, деп хабарлайды
primeminister.kz.
Үкімет мақұлдаған кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, бизнестің жүйелі сын-тегеуріндері, жеңілдікпен несие беру, микроқаржы ұйымдары институттарын, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын дамыту, өңірлердегі ШОБ-ты дамыту әлеуеті, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Т. Құлыбаев биылғы 11-12 наурызда экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы бизнес өкілдерімен өткен қосымша кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалғанын атап өтті.
Үкімет басшысы реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақытылы әрі сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында оларды паспорттауды аяқтауды және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.
«Біздің міндетіміз – бизнесті жүргізуге қажетті жағдайларды жетілдіру және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу», — деді А. Мамин.
2021 жылы «Қарапайым заттар экономикасы», «БЖК-2025», «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары және Ұлттық банктің айналым қаражатын толықтыруға несиелендіру бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға 703 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Фото:
primeminister.kz