ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Абу-Даби қаласына жұмыс сапары аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті және премьер-министрі, Дубай әмірі Мұхаммед ибн Рашид әл Мактуммен және БАӘ премьер-министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.
Тараптар осыған дейін қолжеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын және сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, туризм, ғарыш, тау-кен металлургиясы, энергетика және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады, деп хабарлады primeminister.kz.
Сондай-ақ Үкімет басшысы БАӘ бизнес капитандарымен – «Mubadala» мемлекеттік холдингінің, «Aldar Properties», «ADQ», «Al Dahra Holding», «International Holdings Company» («Royal Group») компанияларының басшылығымен кездесті. Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ арасында құс фабрикалары мен сүт-тауар фермаларын салу, жемістер мен саңырауқұлақтарды өндіру және өңдеу, ТМК және геологиялық барлау салаларындағы ынтымақтастық, Екібастұз қаласының өнеркәсіптік аймағында Индустриялық парк құру, Шығыс Қазақстан облысында «Қатонқарағай» туристік кешенін құру, сондай-ақ Қазақстанда электромобильдер компоненттері өндірісін ашу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде 17 үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. БАӘ Қарағанды облысында сумен жабдықтау және су бұру бойынша жобаларды іске асыруға қатысады, бұл жобалар озық технологияларды беруді және кейіннен Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруді көздейді.
Жұмыс сапарына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, әділет министрі Марат Бекетаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ҚР іскер топтарының өкілдері және т.б. қатысты.
Ақпарат көзі: 24.kz
Фото: Primeminister.kz