Мемлекет басшысы Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және елдегі санитарлық-эпидемологиялық ахуал туралы есеп берілді.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, соңғы екі айда экономикада тұрақты оң динамика байқалада. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Ақпарат пен байланыс саласында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металлургия, оның ішінде, түрлі түсті метал өндірісі мен машина құрастыру, фармацевтика салаларында тұрақты өсім бар.
Президентке ОПЕК+ Мониторинг комитеті отырысының қорытындылары туралы ақпарат берілді. Қазақстан үшін мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін көбейту туралы жеке келісім жасалғаны айтылды. Бұл тау-кен секторындағы өрдіріс өсімін біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, кездесуде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды. Премьер-министрдің айтуынша, жағдай бақылауда. Республика бойынша вирустың арту көрсеткіші 0,9-ды құрайды, жұқпалы ауруханалардағы төсек орын 23%-ға, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындар 16%-ға толған.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі