Биылғы жылы еліміздегі «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы арқылы 4 мыңнан аса контейнерлік пойыз өтті. «Достық-Алашанькоу» халықаралық дәлізі арқылы да Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытында осынша көлемде жүк тасымалданды. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 процентке жоғары. Қытай Халық Республикасының елшісі қазақстандық журналистерге берген сұхбатында көлік тасымалының артуы 2020 жылғы басты жетістіктердің бірі екенін айтты.
«Коронавирус екі ел байланысына кері әсер еткен жоқ, керісінше қарым-қатынас нығайып келеді», – дейді дипломат.
Қазақстан мен Қытайдың өзара байланысы пандемияға қарамастан нығая түсті. Екі мемлекет қиын сәтте бір-біріне қол ұшын беріп, тату көрші екендіктерін дәлелдеді.
Чжан Сяо, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақстан халқы мен үкіметі Қытай үшін ең қиын сәтте қолдан келген көмегін аямады. Моральдік қолдау мен гуманитарлық жүк коронавирус анықталған алғашқы апталарда өте маңызды мәнге ие болды. Бұл достық ниетті біз ешқашан ұмытпайтын боламыз.
Бүгінгідей кезеңде осынша көлемдегі өсім едәуір деп айтуға болады. Енді қолға алынатын жобалардың ішінде жоғары технология, автокөлік, электрлі көлік, сондай-ақ жаңартылған қуат көздеріне қатысты бастамалар бар.
Жаһандық экономика әлсіреп, шектеулер көбейген шақта көрші мемлекеттер пандемияның алғашқы толқынын оңайлықпен еңсерді. Қытай Халық Республикасының Қазақстан нарығына тікелей инвестициясы 80 процентке, яғни 360 млн АҚШ долларына ұлғайды.
Екі елдің өзара тауар айналымы бүгінде 18 млрд АҚШ долларынан асқан. «Бұл Қазақстан және Қытай үкіметінің кейінгі екі жылда атқарған жұмысының нәтижесі», – дейді дипломат. Бұған қоса «Бір белдеу – бір жол» саяси бастамасы аясында ежелгі Жібек жолын цифрлық тұрғыда дамыту да жоспарланып отыр.