Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі мұнай-газ саласының бірқатар нысанын аралады. Делегация «Gas Processing Company» ЖШС-нің «Қожасай» газ өңдеу зауытының жұмысымен танысып, Жаңажол газ өңдеу зауытында және «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ газтурбиналы электр станциясында болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Сапар қорытындысы бойынша мұнай-газ саласы, кәсіпкерлер, Энергетика министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Облыс әкімі Энергетика министрлігінің алдына кен орындарына жақын орналасқан елді мекендерді газбен жабдықтауға жәрдемдесу, сондай-ақ олардың тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін қойып отыр. Біз жер қойнауын пайдаланушылармен осы мәселелерді пысықтап, олардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға әсерді азайту өте маңызды. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық мерзімі аяқталғанымен, кен орны мен оған іргелес жерді пайдалану мерзімі аяқталмайды, біздің ортақ міндетіміз – кен орындарының қызмет ету мерзімін ұлғайту, бұл тек ұқыпты пайдалану кезінде ғана мүмкін болады. Бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында.
Өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушылар да өз міндеттемелеріне, жергілікті қамтуды дамытуға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кәсіпкерлердің шағымдары негізді деп санаймын. Мұнай-газ саласында тапсырыстарды орындайтын шартты отандық фирмалардың түпкілікті бенефициары шетелдік компаниялар немесе жеке тұлғалар болып табылатын жағдайлар кездесіп жатады. Әртүрлі амал-айла қолданудың қажеті жоқ. Қазақстанға жұмыс істеуге келген инвесторлар жергілікті қамтуды дамыту, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алады, оларды орындау қажет – деді Нұрлан Ноғаев.