Нарықтық дәуірде кез келген заттың да, қызметтің де, тіпті, сөздің де ақысы бар екеніне етіміз үйренген. Азық-түлік, баспана, көңіл көтеру, барлық материалдық құндылықтар үшін күніне әлемдегі 7,5 миллиард адамға ақша керек. Ақша қалай пайда болды, қазір әлемдегі барлық ақшаның көлемі қандай?
Біздің эрамызға дейінгі 7 ғасырда адамзат баласы экономикалық бартер жасауды, басқа-бас айырбасты, қарыз беруді және алуды әдетке айналдыра бастады. Көптеген елдерде ақшаның орынына түрлі тауарлар жүрді. Олардың өз бағасы, көлемі болды. Мысалы мұхитқа жақын елдерде, аралдарда ақша орынына ұлулар, маржан тастары, көзі бар тастар жүрді.
Ақша орынына жүрген заттардың ішінде ең көп таралғаны: мал, жүн, тері және тұз, бал, дән, шарап. Ал қолданысқа ене салысымен белсенді таралған зат түрі – металл. Алғашында металл қаз-қалпында айналымға түссе, кейін оны балқытып пайдалану дағдыға айналды. Ең көп қолданылған металлдар: темір, қола, мыс және күміс.
Ежелгі мысырлықтар біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда-ақ алтынмен есептесуді қолданысқа шығарған. Дегенмен, алтын құймаларға сенім болмады. Онымен сауда жасалған сайын ақшаны тексеріп, таразыға өлшеу қажет еді. Ал жетінші ғасырда адамзат санасы түрлі металлдардан құны бар монеталар жасауға дейін дамыды. Араға ғасырлар салып барып алғашқы қағаз ақша Қытайда, 910 жылы жасалды.
Еуропадағы алғашқы банкноттардың бірі
«Банкнот» сөзі қайдан шыққанын білемісіз? «Банкнота» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «банк жазбасы» дегенді білдіреді. Сол дәуірдің дағдысына сәйкес, қолында чек рөлін атқаратын жазбасы бар кісі банкке барып қажет ақшасын қолға алады. Ал қазір «банкнотаның» өзі ақшаға айналып кетті. Алғашқы банк сертификаттары 1661 жылдан бастап Стокгольм қаласында шыға бастапты.
Ал қазақ жерінде алтын монеталардың, күміс тиындардың ерте таралғанын білеміз. Оның бірден-бір себебі – «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан қазақ қалаларында қалалық мәдениеттің өркендеуі.
Ақшаның алғаш қолданысқа енген уақытында нағыз ақша және фиат ақша деген ұғымдар болды. Нағыз ақша өз номиналы құнына тең ақшалар болып саналған. Дегенмен, біз бүгінгі қаражатты фиат деп айта аламыз. Өйткені, қазір ақша құны шартты белгілермен бейнеленген түрлі купюраларға қарай бөлініп отырады.
Сонымен қатар, әлемде «ақша массасы» деген ұғым бар. Бұл ұғымға дүние жүзіндегі айналымда тұрған барлық қаражат кіреді. Осылар жиналып, ұлттық экономиканы құрайды. «Ақша массасына» айналымдағы қаражат, барлық жинақ, банк шоттарындағы қаражат, қолма-қол қаражат, карталар, электронды қаражат, акциялар, несиелік қаражат, құнды қағаздар кіреді.
Жоғарыда көрсетілген барлық қаражат түрі төлем жасауға, есептесуге жарамды деп саналады. Сонымен қатар олардың өзіндік лимиттері, ережелері, төлем жасау формалары бар. Сондай-ақ олардың айналымға жылдам түсуі де халықаралық қаржы айналымына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, қолма-қол ақшаны жұмсау оңай әрі тез. Бұны қаржы тілінде «ақшаның ликвидациялануы» деп атайды.
Кез келген елдің қаржы жүйесінің ерекшеліктеріне қарай түрлі есептер, түрлі ережелер болатыны сөзсіз. Бірақ жалпыға ортақ мынандай бір формула бар:
- М0 – айналымда қолма-қол жүретін банкноттан мен монеталар;
- М1 – М0 санатына талап етілгенше салынған салымдар мен түрлі ұйымдардың қаражаты және чектер қосылады;
- М2 – М1 санатына жылдам салымдар қосылады;
- М3 – М2 санатына облигация, сертификаттар мен жинақ салымдары қосылады.
Әлбетте, күн сайын әлемде өте көп қаржы операциялары жүзеге асырылатындықтан, нақты сумманы есептеу мүмкін емес. Бірақ әрбір елдің ресми деректері бойынша болжамды қаражатты шығаруға болады. Қолайлылық үшін дүние жүзінде қолданылатын резервті валюта – АҚШ долларын мысалға алайық.
Күллі Жер бетіндегі қолма-қол қаражат шамамен 5 триллион долларға бағаланады. Бұл – М0. Енді М1 санатының құнын шығарсақ, қаражат көлемі 28,5 триллион долларға дейін жетеді. Жедел депозиттерді қоссақ, М3 санатындағы ақша мөлшері 60 триллион доллардан асып жығылады. Егер барлық облигациялар мен салымдарды есепке алсақ, М3 санатындағы, яғни, әлемдегі қаражат көлемі шамамен 80,9 триллион долларды құрайды. Бұл – «ақша массасы». «Ақша массасына» инвестициялар, алтын, виртуалды ақша және басқа да қаржы инструменттері кірмейді.
Егер біз әлемдегі барлық қаржы инструменттерін қоса есептесек, онда қорытынды сумманы есептеу үшін квадримиллион ( 1 квадримиллион – 1 000 000 000 000 000) өлшемін қолданар едік.