Қазақстанның бірқатар аймақтарында көктемдегіден де қатаң карантин енгізілді
Елімізде күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған және пневмонияға шалдыққан науқастар тіркеліп келеді. Бірқатар аймақтар қатаң карантин шараларын қайта қолға ала бастағанын да байқап отырмыз.
9-қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево қаласы қатаң карантинге жабылды. Қала тұрғындары көрші аудандарға бара алмайды, туыстарына бас сұғуға тыйым салынған, ал кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер үлкендердің бақылауынсыз кешкі сағат 19:00-ден кейін сыртқа шыға алмайды. Зейнеткерлерге оқшаулануға кеңес берілген. Бұл карантин көктемгі науқаннан да қатты секілді.
Булаево қаласы мен Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты ауылдарға қатынайтын міндетті және қосымша автокөліктерге тыйым салынған. Жол бойында блок-бекеттер қойылған деп хабарлануда. Тұрғындар 22:00 мен 6:00 аралығында сыртқа шықпайды. Тек жұмысқа және медициналық көмек алуға ғана рұқсат берілген.
11-қазан күні СҚО-дағы Есіл ауданына қарасты Явленко ауылы да карантинге жабылды. Елді-мекен тұрғындарының қимыл-қозғалысы шектелген. Базарлар мен автостанция жұмысы тоқтатылып, кіріп-шығу тек анықтама арқылы ғана жүзеге асырылуда.
13-қазаннан бастап Маңғыстау облысында карантин шаралары күшейтілетіні хабарланды. Бұл – мемлекеттік бас санитар дәрігердің шешімі. Бірқатар нысандар жабылып, көпшілігінің жұмыс графигі қысқарады.
Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин талаптарын сақтауды қадағалаудың күшейтілетіні белгілі болды.