Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов депутаттардың зейнет жасын азайту туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
«Кез келген елде зейнет жасын азайту не көтеру аз уақыт ішінде шешілген емес. Мұндай шешім қабылдау үшін жақсы зерттеу, ұзақ уақыт бойы экономикалық және демографиялық ахуалды бақылау және жұмыс істейтін азаматтар мен зейнеткерлердің тарапына қатысты сұрақтарды зерделеп, халықтың қартаю процесін есепке алуымыз керек», - деп айтты Нұрымбетов ОКҚ өткен брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстанда расында үшінші деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істеп тұр. зейнетақы көлемі еңбек өтіліне тікелей байланысты.
«Мысалы, 10 жыл бұрын зейнеткерлердің жұмыс істейтін азаматтарға шаққандағы үлесі 20 пайыз, яғни, бес адамға бір зейнеткерден келетін еді. Қазір бұл көрсеткіш 30 пайыздан асып кетті. Екінші жағынан халықтың қартаюы мәселесі де бар біздің елде. Статистика бойынша 65 жастан асқан азаматтардың халық санындағы үлесі 7 пайыздан асып кеткен. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,8 пайыз еді, қазір 7,7 пайыз шамасында. Бұл – қазір бүкіл әлем халқының проблемасы. Америкада – 16-17 пайыз, Еуропада – 20 пайыздан жоғары, Ресейде – 15,5 пайыз дегендей», - деді министр.
Нұрымбетов бүгінде әлем елдерінде зейнет жасын ұлғайту мәселесі қарастырылып отырғанын да жасырмайтынын жеткізді.
«Қазір барлық елдер зейнет жасын ұлғайтуға бет алды. Көрші елдерде соңғы жылдары зейнет жасын ұлғайту қарастырылып отыр. қазіргі экономикалық және демографиялық ахуалды есепке алсақ және мен әлгінде айтқан көрсеткіштерге көз салсақ, Қазақстанда жақын арада зейнет жасын азайту мәселесі қарастырылмайды», - деді ол.
Айта кетейік, «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары зейнет жасын ер адамдарға да, әйел адамдарға да 60 жасқа дейін азайтуды ұсынған.