Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Қырғызстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол көрші мемлекетте болып жатқан оқиғаны Қырғызстанның ішкі мәселесі деп бағалаған.
«Қазақстан бауырлас Қырғыз елімен достық қарым-қатынасын дәстүрлі түрде дамытып, стратегиялық серіктестігін одан әрі дамытуға мүдделі. Қырғызстандағы жағдай Конституцияға сәйкес тұрақталады деп сенім білдіреміз», - деп жазды ол.
Президенттің баспасөз хатшысы Қазақстан тарапы қырғыз халқы мемлекеттік мүдде үшін осындай қиын жағдайдан шығатын жол табады деп сенетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, 5-қазанда парламенттік сайлау қорытындысына наразы халық бас көтерген. Ереуілге шыққандар «Ақ үйді» басып алып, тергеу изоляторында жатқан Алмазбек Атамбаевты, Сапар Исаковты, бірнеше шенеунік пен депутаттарды босатып алған.