«Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы» қоғамдық қорының жүргізген сауалнамасының қорытындысында қатысушы азаматтардың 74 пайызы президент Қасмы-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтыны және оның қазақстандықтар өмірін жақсы бағытқа өзгертетініне сенетіні белгілі болды.
Анкета экономикалық даму, әлеуметтік қолдау, білім сапасы және жастарды қолдау, құқық қорғауды күшейту, азаматтардың бостандығы мен қауіпсіздігі сияқты 21 бөлімнен тұрады. Сауалнама еліміздің барлық аймақтарын қамтыған және 18 жасқа толған азаматтарға қатысуға мүмкіндік берілген.
Сауалнама жүргізудің негізгі әдісі ретінде Google forms қосымшасы пайдаланылыпты. Бұл қосымша арқылы дауыс беруші жеке немесе онлайн сұхбат ретінде кездесу ұйымдастыра алады.
Сауалнамаға қатысушылар келесі бастамаларды белсенді түрде қолдаған:
- зейнетақы қорындағы жарна жинағын уақытынан бұрын өзге мақсатта пайдалану – 91,5 пайыз;
- ТЖ кезінде несие немесе қарыз бойынша үстеме сыйақы жүргізуді тоқтату – 84,3 пайыз;
- коронавирусқа қарсы алдыңғы шепте жұмыс істеген медқызметкерлерге сыйақы беру – 88,2 пайыз;
- жыныстық зорлық-зомбылық, педофилияға, адам саудасы мен есірткі таратуға қатысты жазаны қатаңдату – 95,7 пайыз;
- броконьерліктің барлық түріне жазаны күшейту – 95 пайыз;
- бейбіт акциялар мен митингілерге арнайы орын қарастыру – 82,8 пайыз;
- бейбіт митингілерді ескерту арқылы ғана ұйымдастыру – 81,8 пайыз;
- жемқорлықпен қамалғандарды уақытынан бұрын шартты түрде босатуға тыйым салу – 91,9 пайыз;
- бірінші басшылардың қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлықпен айналыспауына жауапты болуы – 88,7 пайыз;
- әрбір қазақстандықтың президентке жүгіну мүмкіндігі – 90,3 пайыз;
- ҚР президенті жанынан Ұлттық кеңестің құрылуы – 89,9 пайыз;
- Іле Алатауындағы алма бақтарын сақтап қалу – 94,6 пайыз.
Ал сауалнамадағы «Қазақстан болашағын Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығында көре аласыз ба?» деген сұраққа қатысушылардың 72,4 пайызы «иә» деп жауап берген.
Сауалнамаға қатысушылар мемлекет басшысынан медицина қызметтерінің сапасын көтеруді, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді, ЖОО-лардағы оқу ақысын төмендетуді, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруді, қолжетімді баспананы, банк несиелерінің қолжетімділігін, жалақыны көтеруді, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруды күтетінін жеткізген.
Дегенмен, халықтың құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне, мемлекеттік және аймақтық атқарушы органдарға көңілі толмайтыны байқалған.