Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясының екінші толқынына қандай дайындық жүргізіп жатқаны туралы мәлімет берді.
«Біз өкпені жасанды тыныстантыратын 5 мың аппарат сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір Қазақстандағы ауруханаларда 3 мыңға жуық аппарат орнатылған. Оның ішінде 1 500 аппарат – отандық өндіріс өнімі. Жақын арада барлық құрылғылар елге жеткізіледі», - деді Цой.
Оның айтуынша, әзірге елдегі эпидахуал бірқалыпты. Ауруханаларда 4,8 мыңға жуық науқас ем алуда.
«Көрші елдерде, Еуропа және ТМД елдерінде науқастар санының өскені байқалады. Біз үшін осы жағдайды ұстап тұру маңызды. Көрсеткіштеріміз жақсы болғанына қарамастан, біз коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жүргізіп, дәрі-дәрмектер мен қажетті аппараттар сатып алып жатырмыз. Ең маңыздысы – әлеуметтік арақашықтық пен маскалық режим», - деді ол.
Министр барлық қазақстандықтарды бас санитар дәрігердің талаптарын сақтауға шақырды.
«Біз бұл толқынның болуына және болмауына тікелей әсер ете аламыз. Қазір денсаулық сақтау жүйесінің қолынан екінші толқынға сақтық дайындық жасау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана келеді», - деп түйді сөзін Цой.