ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баспасөз конференциясында мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын екі жыл ішінде жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражаттың көлемін айтты.
«Жолдауда айтылған Президент тапсырмаларын орындау үшін қаражат қажет. Биыл бұл іске республикалық бюджеттен белгілі қаражат қарастырылған. Мысалы, 13 жұқпалы аурулар ауруханасын салу үшін бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінбек. Үкімет резервінен аз қамтылған отбасылар үшін компьютерлер сатып алуға 70 миллиард теңге бөлінді», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, қазір 2020 жылғы бюджеттің көлемін нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медицина қызметкерлеріне сыйақы, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты қосалқы шығындардың нәтижесінде бюджеттің қосымша қажеттілігі 300 миллиард теңгені құрайды.
«2021 жылдың бюджетінде Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға 1,6 трлн теңге қарастырылған. Бірінші кезекте, медқызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысының көбейтіп, шағын және орта бизнестің кредиттерінің пайыздық үстемесін субсидиялау, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіледі. Кіріс көзі көлеңкелі экономиканы азайту арқылы түскен қаражат, кәсіпкерлік пен жеке инвестициялар болады деп болжам жасалды», - деді ол.