Қазақстан нарығында ірі шетелдік компаниялар жұмыс істейтінін, қомақты инвестиция салатынын білеміз. Бірақ соңғы жылдары ірі инвесторлардың көпшілігі қазақстандық нарықта жұмыс істеуден түрлі себеппен бас тартуда. Бұл ненің белгісі?
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде қазақстандық нарықтан алты бірдей ірі шетелдік инвестор бас тартқан.
Шетелдік инвесторлардың басым бөлігі Қазақстан территориясында газ-химия кешенін, кремний және калий өндірісін ашпақ болыпты. Бұған қоса қорғасын-күміс және вольфрам кенішін ашу жұмыстары тоқтапты.
Айта кетелік, қазақстандық нарықтан тұрақ таппаған шетелдік компаниялардың басым бөлігі – Қытай компаниялары. China Recycling Energy Corp (Қытай) компаниясы біздің елімізде салынуы тиіс кремний зауытына көз тіккен. Бірақ ANSA Silicon (Қазақстан) компаниясымен коммерциялық келісімге келе алмапты. Зауыт құрылысы мақұлданса, қытай компаниясы өндіріске 115 миллион доллар инвестиция салуға мүдделі болыпты.
Тағы бір мысал. Қытайдың Wengfu Group компаниясы қазақстандық SunkarResources компаниясымен біріге отырып Шилісай кенішінен минералды тыңайтқыштар өндірісін қолға алмақ болыпты. Тіпті, тыңайтқыш өндірісіне шетелдік инвесторлар 1,4 миллиард доллар қаражат салуға бекінген. Бірақ олар Қытайдағы мемлекеттік компаниямен бірігіп, нәтижесінде шекарадан тыс жерде бизнес жасауды қысқартқан.
Тағы да Қытай... Қарағандыдағы Солтүстік Қатпар кенішінде вольфрам кенішін ашу үшін 950 миллион доллар бөлмек болған инвестор да нарықтан бас тартқан.
«Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақтыдағы кеніштерді бағалау нәтижелерінен және басқа да экономикалық себептермен шетелдік компания жобаны жүзеге асырудан бас тартты», - деп түсіндірді министрлік жағы.
Қарағанды облысындағы Алайғыр кенішінде қорғасын-күміс өндірісне инвестиция салмақ болған Eczacibasi Holding (Түркия) компаниясы да ойланып қалыпты. Кешенді сараптама жұмыстары кеніште қажетті кен көлемі жоқ екенін көрсетіп, түріктер 108 миллион доллар қаражатты оңды-солды жұмсамайық деп шешіпті.
Бұдан бөлек шетелдік компанияларды Қазақстанда калий тыңайтқыштарын өндіру де қызықтырмай отыр. Бұл жобаны Аустралияда тіркелген Kazakhstan Potash және CITIC Construction Co ltd., China New Era Group Corporation жүзеге асыруға ниеттенген. Қос компанияның жергілікті серіктесі - Батыс Калий» компаниясы.
«Жилян кенішін бағалау барысында ресурстар қорының халықаралық стандарттан аз екендігі байқалған. Сол себепті жоба өз құнын ақтамайды деп бағаланды. Инвесторлар тәуекел етпей, жобаны жүзеге асыруды тоқтатты», - деп түсіндірді СІМ. Жобаның қаншаға бағаланғаны да құпия күйінде қалды.
Ал Атырау облысындағы газ-химия кешенін салуға 6,5 миллиард доллар бөлуге мүдделі болған австриялық тарап бас тарту себебін компания үлескерлерінің ауысуы мен стратегияны қайта қараймыз деп түсіндіріпті. Қазір Энергетика министрлігі аталмыш кенішті салу үшін жаңа инвестор қарастыру үстінде.
«Жоғарыда аталған шетелдік компаниялардың қазақстандық нарықтан кетуі Қазақстанның қазіргі заңнамаларын өзгертуді талап етпейді және мәселе ретінде қаралып, шешімін табу үшін қандай да бір өзгерістер жасауды қажет етпейді», - деп мәлімдеді ҚР СІМ.