Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бейрут портындағы жарылысқа байланысты мәлімдеме жасады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейруттегі жарылыс туралы ақпаратты алған бойда бізге Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бұйрық берді. Қазіргі уақытта біздің есеп бойынша Ливанда 113 Қазақстан азаматы бар. Елшілік олармен байланыс жасады, зардап шеккендер жоқ», - деді министр.
Ливандағы Қазақстан елшілігінің кеңсесі жарылыс салдарынан бұзылған. Оны алдағы уақытта қайта жөндеуден өткізбек. Сонымен қатар, Төтенше жағдай орын алған елдегі БҰҰ кеңсесінде де 120 қазақстандық жұмыс істейді. Олар да апаттан зардап шекпеген.
4-тамыз күні Бейрут портында жарылыс орын алып, жүзге жуық адам қаза тапты. Ғимараттар зардап шегіп, бейбіт халық түрлі дене жарақаттарын алған.