Жақында ғана ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (министр) болып тағайындалған Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында кез келген ұсынысты қарастыратынын айтқан. Осыған орай кәсіпкер Мақсат Жәнібек вице-министрге «1С» бағдарламасының баламасын жасауды ұсынды.
«Жұмыс барысында өзіміздің екі ТОО және бір ИПның бухгалтерлік есебін жүргізу үшін, әр қайсысына үш бөлек лицензиялы «1С» программаларын пайдаланамыз. Бас кезінде бұл программаларды қолданбай ақ жүре береміз деген ойда едік, алайда уақыт өте келе ұсынатын қызметтеріміз бен жұмысшыларымыз көбейген сайын, программамен жұмыс істеу қолайлы екенін түсіндік. Әрине шағын бизнес өкілдері үшін бұл арзан дүние емес екен. Бір жолғы лицензияның құны 70 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін тұрады. Ол программамен бір уақытта жұмыс істейтін бухгалтерлердің санына және арнайы қосымшаларына байланысты. Бұған қоса әр лицензиялы программаның дұрыс жұмыс істегенін тексертіп отыру үшін және жаңа заңдарға, салықтарға сәйкес обновление жасатып отыру үшін бір жылдық подписка сатып алу керек. Оның құны да 90 мыңнан 200 мың теңгеге дейін тұрады.
Біз осы үш ұйымның «1С»і үшін жылына 350 мың теңгеден кем қаражат жұмсамаймыз. Статистика бойынша Қазақстанда 1,2 млн ИП және 500 мыңға жуық шағын, орта, ірі бизнеспен шұғылданатын заңды тұлғалар бар. Енді осы 1,7 млнның ең аз дегенде 10% ғана (170 мың) «1C» программаны пайдаланып, оның жұмысы үшін жылына 100 мың теңгеден ақша жұмсап отырады делік. Сонда жылына 17 млрд теңге шығады. Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік ұйымдардың бухгалтериялары да осы "1С" пайдаланып, лицензиясымен обновлениясын сатып алып отырады. Енді осы бүкіл Қазақстан боп "1С" ке жұмсалған ақшаның басым бөлігі лицензия сатушы ресейлік «1С» фирмасына кетеді. Әрине бұл тым қарабайыр есеп. Нақты цифрлар бұдан да көп болуы мүмкін. Қанша болса да, өзімізде қалатын қыруар қаржы сыртқа кетіп жатыр. Ол қаржыдан бөлек ақпараттық қауіпсіздік те назар аударатын мәселе. Фирмалардың немен айналысатыны, сататын тауарлары немесе ұсынатын қызметтері, қаржылық жағдайы, кредиттері, отчеттары, жұмысшылары жайлы толық ақпарат, Мемлекеттік ұйымдардың қаржылары, тендерлері, т.б. құнды мәліметтерді өз қолымызмен көрші мемлекетке осы «1С» арқылы беріп отырмыз.
Жаңа тағайындалған вице-министр (министр) Мусин Багдат мырза бүгін өз парақшасында халықтан ұсыныс күтетінін айтты. Ол кісінің қызметіне сәттілік тілей отырып, осы мәселеге назар аударуын сұраймын. «1С» ке аналог программа жасайтын айтишниктер біздің елде де жеткілікті шығар. Тек бастысы Қазақстандағы «1С»тің лоббиін сындыруға карт бланш берілсе болғаны».
Мақсат Жәнібек