Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы өзгеріссіз қалатынын түсіндіріп берді. Бұл сұрақ студенттер де 2020/2021 оқу жылын қашықтан оқып бастайды деген мәлімдемеден кейін талқыға түскен еді.
«Біз бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орындарының академиялық және қаржылық еркіндігі туралы заң қабылдадық. Бұл – жоғары білімді дамыту үшін жасалған маңызды қадам. Жалпы, бұл – студенттер мен ЖОО арасындағы азаматтық-құқықтық келісімшарт. Біздің нарықта ЖОО саны көп. Мемлекет басшысы алдағы уақытта нарықта тек сапалы білім беретін ЖОО-ларды ғана қалдыруға тапсырма берген. Дегенмен, қазіргі уақытта білім беретін ұйымдар саны азаймай тұр. кей жерде оқу ақысы жоғары, кей жерде төмен. Бұл – білім алушы мен жоғары оқу орынының арасындағы ымыра және келісім», - деді министр.
Оның айтуынша, студенттер қашықтан оқып жатқанмен жоғары оқу орындарының шығыны азаймаған, керісінше көбейген.
«Бұдан бөлек, ғимараттарды да қалпында ұстау керек. Жақын арада студенттер қайта оралып, дәстүрлі түрде сабаққа қатыса бастайды. Екіншіден, барлық мұғалімдердің жалақылары сақталған, олар жұмысын жалғастыруда», - деді Асхат Аймағамбетов.