Контрабандашылар «сұр импортты» Қытайдан Қырғызстан арқылы әкелуге тырысуда - МКК
НҰР-СҰЛТАН. BAIRAQ.KZ - Контрабанда мен заңсыз сауда схемалары Еуразиялық мемлекеттер үшін ортақ түйткілге айналып отыр, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ЕАЭО ережелері бойынша барлық қатысушылардың кедендік алымдары ортақ қорға жиналады және тепе-тең негізде бөлінеді. Сондықтан ҚХР-дан келген контрабанда проблемасын елемеуге болмайды. Қазақстанға өнімді әкелу үшін контрабандашылар түрлі схемалар ойлап табады. Олардың бірі-Қырғызстан арқылы ЕАЭО аумағына кіру. Бұл жерде қазіргі заманғы техникамен және инспекциялық-тексеру кешенімен жабдықталмаған өткізу пункттері «сұр импорт» үшін мүмкіндік береді. Құжаттарда мәлімденген деректерге сәйкес келмейтін тауар Қырғызстан арқылы жасырын түрде тасымалданады. Тауарлар жоқ алушылардың атына жіберілген жағдайлар тіркелген. Қырғызстан тарапынан тасымалданатын жүктерді талдау қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 1 тоқсанында жоқ алушылардың атына тауар әкелудің 1,8 мың фактісі анықталды. Олар бойынша шығындар 1 млрд теңгені құрап отыр. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап Қырғыз Республикасымен өткізу пункттерінде бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды. Қазақстан-Қырғыз және Қазақстан-Ресей шекарасында бақылау іс-шаралары жол бойында жүргізіледі. Ілеспе жүк құжаттары нақты орны ауыстырылатын жүкпен мұқият салыстырылып тексеріледі. Осылайша, Қазақстан өзін «сұр импорт» пен контрабандадан қорғайды