5-шілдеден бастап қалалар арасындағы жолаушылар пойызының бірқатар бағыты тоқтайды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры қызметін атқарушы Асылхан Қалдықозов мәлімдеді.
«Жолаушылар санының аздығына байланысты 1-шілдеден бастап Нұр-Сұлтан-Алматы, Нұр-Сұлтан-Орал, Нұр-Сұлтан-Атырау бағытында қатынайтын «Тальго» жүйрік пойыздары тоқтады. Аталған бағыттар бойынша басқа пойыздар жүріп тұр», - деді ол.
Қалдықозовтың айтуынша, тоқтаған бағыттарға алдын-ала билет сатып алған жолаушылар билеттің ақшасын алып, басқа пойыздарға жеңілдікпен билет сатып ала алатынын айтты.
«ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрлігінің келісімімен 5-шілдеден бастап Алматы-Сарыағаш бағыты тоқтайды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан-Алматы, Алматы-Петропавл-Павлодар, Нұр-Сұлтан-Өскемен, Нұр-Сұлтан-Достық бағытындағы әлеуметтік маңызы бар пойыздардың жүру кестесі қысқарады», - деді Қалдықозов.
Компания басшысының айтуынша, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 5-шілдеден бастап 22 бағыт бойынша қала маңында жүретін пойыздар тоқтайды.