Алматы Туризм басқармасы қала көлемінде 20 қоғамдық дәретхана орнатпақ. Мемлекеттік сатып алулар сайтының мәліметіне сүйенсек, әкімдік бір дәретхана үшін шамамен 9 миллион теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында көшедегі дәретханаларды орнатуға тапсырыс түскен. Басқарма бұл жобаны жүзеге асыру үшін 178,5 миллион теңгені шығындамақ.
Дәретханалар келесі мекен-жайлар бойынша орналасады:
- Достық даңғылында – 2,
- Алматы зообағына кіреберісте – 1,
- Көк базар маңында – 1,
- Алматы қуыршақ театрының алдында – 1,
- «Отырар» қонақ үйінің алдында – 1,
- Орталық мешіт жанында – 1,
- Арбатта – 2,
- Панфилов көшесінде – 1,
- «Астана» алаңында – 1,
- «Аэровокзал» жанында – 1,
- «Жас Қанат» скверінде – 1,
- Ғ.Мүсірепов атындағы театр маңында – 1,
- Наталья Сац атындағы театр маңында – 1,
- «Алатау» метро бекетінің жанында – 1,
- Байтұрсынов скверінде – 1,
- Үлкен Алматы көлінде – 1,
- Бутаков шатқалында – 1.
Техникалық тапсырыс бойынша дәретхана екі орында болуы тиіс. Сондай-ақ, әйелдерге арналған кабинада мүмкіндігі шектеулі жандарға да орын қарастырылуы тиіс.
«Есіктерде ақылы жүйе орнатылуы тиіс және бұл жүйе ақша қайтару функциясымен болуы керек. Сондай-ақ, банк картасын қабылдау мүмкіндігі де қарастырылмақ. Есіктер берік әрі сенімді болуы шарт. Дәретхана модулі Алматы қаласының дизайн-кодына үйлесімді жасалуы тиіс», - деп жазылған техникалық спецификацияда.