Экология министрі Мәжіліс депутаттарының ауаның жағдайы туралы сұрағына жауап бере алмай, спикерден сөз естіді.
«Сіздің министрлік гидрометеорологиялық-экологиялық мониторинг жүргізу бойынша 039 бюджеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2019 жылы бұл бағдарлама үшін 2 миллиард теңге бөлінген. Дегенмен, экологиялық мониторинг бойынша даму байқалмайды. Тіпті, жағдай ушығып бара жатыр. Біріншіден, индикатор көрсеткіштері бюджеттен 2018 жылмен салыстырғанда 25 пайыз ақша көп бөлінсе де жұмыс көрсеткіші төмендегені байқалады. 2018 жылғы индикатор – 146, 2019 жылы 140», - деді депутат Ирина Унжакова.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, Есеп комитетінің үкіметке есеп беру баяндамасында жалпы индикатор бойынша ауаны тазарту мониторингінің көрсеткіші төмен.
«Экологиялық мониторинг бойынша бюджеттен ақша бөлінсе де индикатор неге төмендеп кетті, түсіндіріңізші. Бөлінген қаражат толық игерілген, бірақ нәтиже нашар, сіз мұны қалай түсіндіресіз?» - деді депутат.
Мырзағалиев индикатор көрсеткішінің төмендегені туралы ақпаратпен келісетінін, бұл жағдай алты бірдей құрылғының істен шыққанының кесірінен болғанын алға тартты.
«Бұл құрылғылар эксплуатация кезінде істен шықты. Бірнеше жыл бұрын алынған дүниелерде шектеулі эксплуатация мерзімі болады. Сіздер айтып отырған 2 миллиард теңге екі бағыт бойынша жұмсалды. Біріншісі – инфляция әсерінен жалақы көбейіп, Қазгидрометтің шығыны артты», - деді министр.
Екінші фактор ретінде ол гидротехникалық нысандардың мониторингін күейтуді атады.
«Біз трансшекаралық өзендер туралы айтып отырмыз. Біз бұрын 300-ге жуық нысанды бақылайтын болсақ, қазір мұның саны 921-ге жетті. Осы себептермен «Қазгидрометтің» қызметтік құны артты. Индикатор көрсеткішін көтеру үшін біз алдағы уақытта Қаржы министрлігінен және сіздерден көмек сұраймыз», - деді министр.
Бұл жауап Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллинді қанағаттандырмады.
«Біз сізді қолдамаймыз. Нені қолдаймыз, тыңдаңыз? Сіз қазір не айтып тұрсыз? Қазір әңгіме басқа тақырыпта. Ирина Сергеевна, ауаны тазарту мониторингі мен өзендердің мониторингі екі бөлек нәрсе. Экология министрі бұл екеуінің арасынан айырмашылық көрмейді. Сіздерге ақша бөлінді, толық игердіңіздер. Бірақ ауаны тазарту мониторингі бойынша кері кету байқалады. Теміртаудың жанында қара қар жауады. Өскемен мен басқа өндірістік қалалардағы ауаның жағдайы анау», - деді спикер.
«Сіз осында ақша қарастыру бойынша өтінішіңізді қолдау туралы ұсыныспен келгенде сізді депутаттар қолдады. Қаржы және Ұлттық экономика министрлігі қолдады. Сіз ол қаражатты толық игердіңіз, бірақ жұмыс жүрмеді, міне, біздің сұрап отырғанымыз – осы. Мағзұм Маратұлы, сіз не айтып отырсыз? Қандай өзен мониторингі? Бұл – мүлде бөлек бюджеттік бағыт», - деді Нығматуллин.