Мемлекет коронавирус пандемиясының кесірінен табысын жоғалтқан азаматтарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындаған. Десек те, аталған көмекті бірінші мәрте алғандардың көпшілігі екінші рет ала алмай қалды.
Осы ретте Қарағанды қаласындағы бухгалтерлік компанияның жетекшісі Айжан Балакешова көптеген қазақстандықтарға жәрдемақы берілмегенін әділетсіз деп ойлайды. Ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке үндеу жолдап, жәрдемақы беру тәртібін қайта қарауды сұрады.
Айжан көмек ала алмағандардың көпшілігінің себептерін санамалап, тәртіпті түсіндіріп берді.
«Қосымша табысын жоғалтқан зейнеткерлер мен мүгедектерге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мүшесі болмағандықтан жәрдемақы тағайындалмаған. Салық қызметінің базасынан олардың қандай табысы бар екенін көру қиын емес деп ойлаймын. Тіпті, табысын жоғалту фактісі тіркелмеді деген себеппен де бірнеше адам жәрдемақы ала алмады», - дейді бухгалтер.
Оның айтуынша, ТЖ аяқталған кезде, яғни, қазір барлық өтініштерді қайта қарауға мүмкіндік бар. Бухгалтер енді бағдарламаларға күш түспейтінін де айтып кетті.
«Егер сіздер жәрдемақы бермеуге техникалық қателіктер себеп болған жағдайда, азаматтарға екі айлық жәрдемақы беріңіздер. Сіздер шұғыл әрекет етеді және кері байланысы дұрыс деген үміттемін», - деді ол.