Еліміздегі залалсыздандыру шаралары көптің көңілінен шықпай, бір көтеріліп басылғанын білеміз. Енді осы қарлығаштың қанатымен өрт сөндіргендей әсер қалдырған дезинфекция жұмыстары үшін миллиард теңге қаражат жұмсалғанын білсеңіз, не күйде болар екенсіз... бұл – Алматы мен елордадағы шығындарды қоспағандағы сумма.
Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын «Адалдық алаңы» ұйымының аймақтардағы қызметкерлері бақылайды. Көшелер, алаңдар мен саябақтардан бөлек, дезинфекция жұмыстары көпқабатты үйлердің подъездерінде жүргізілген. Сондай-ақ, аялдамалар мен балалар алаңдары да дезинфекцияланған.
БҚО-да барлық науқастар Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Барлық ірі нысандар осы қалада орналасқан. Бюджеттен қаланы дезинфекциялау үшін 16 миллион теңге бөлініпті. «Адалдық алаңы» қала тұрғындарының дезинфекциялық жұмыстарға қатысты барлық арыз-шағымын тыңдап, мониторинг жүргізді.
«Денсаулық сақтау министрлігінен 2037 кг құрғақ және 37 литр сұйық зат келді. Оларды аудандарға бөлдік. Бізге ақша емес, дәл осындай ертініділер келді. Барлық ерітінді мақсатты түрде пайдаланылды. Ал 16 миллион теңге подъездерді, үйлерді, қоғамдық орындарды дезинфекциялауға жұмсалды», - деді Aqjaiyq Adaldyq Alany офисінің басшысы Әлия Салиева.