Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі (АДБ) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты мен сатып алу саясатын анықтады.
ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәлнеовтың сөзіне сенсек, бұл келісім Азия Даму Банкінің мемлекеттік кепілмен берілетін қарыздары кезінде белгілі талаптар мен ережелер саясатын орнатуға мүмкіндік береді.
«Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, тауар сатып алу, қызметтер, экологиялық және әлеуметтік қорғаныс шаралары, негізгі еңбек стандарттары, төлем, ақпарат ашықтығы, гендерлік даму мәселелері жөніндегі саясат пен ережелер жиынтығын құрайтын келісім. Мемлекеттік кепілмен берілетін қарыздар ауқымын кеңейту жобаларды қаржыландыру кезінде үлкен көмек болары сөзсіз», - деді ол.
Келісімге сәйкес, серіктестіктің басты мақсаты мен негізгі бағыты - Қазақстанның макроэкономикалық әлеуетін көтеру, инфраструктура мен коммуналдық қызметтерді модернизациялау, ауыл шаруашылық секторы дамыту, шағын және орта бизнесті қаржыландыру саясатын дамыту, қоғамдық сектордағы инфраструктураны дамытуға инфвестиция құю.
«Азия Даму Банкі Қазақстан экономикасын дамытуға жұмыс орындарын ашу, инновацияларды жетілдіру, әлеуетін арттыру, халықаралық тәжірибелерді ішкерілендіру арқылы үлес қоспақ. Келісімді ратификациялау қоғамдық-экономикалық және құқықтық кері әсердің болмауын, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлінбеуін қамтамасыз етеді», - деді Дәленов.