Карантин созылған сайын қап түбі көрініп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының мамандары шектеу шаралары әрі қарай созылса, жер бетінде 1,6 миллиард адам аштыққа тап болуы ықтимал екенін айтады.
Мамандардың айтуынша, 1,6 млрд адамның 305 миллионы шектеу шаралары созылған жағдайда жұмысынан айырылады. Ал пандемияның экономикалық салдары ресми жұмыс істемейтін адамдарға бірінші соққы болып тимек.
Эпидемиологиялық дағдарыс басталғалы экономиканың бұл секторы орта есеппен 60 пайыз кірісін жоғалтқан, оның ішінде: Африка 81 пайыз, Азия-Тынық мұхит аймағы 21,6 пайыз, Еуропа мен Орта Азия 70 пайыз. Халықтың бұл бөлігі күнкөріс көзін таппаса, мемлекет жәрдем бермесе аштан қырылуы мүмкін.
Осы орайда Халықаралық еңбек ұйымы барлық елдерді жұмысшы тапқа және экономиканың зардап шеккен секторларына көмек беруге шақырды.