Алматы қаласында бір топ азамат ұтысы жоқ лотерея ойнатқан. Бұл әрекетке қатысы бар азаматтардың барлығы ұсталған.
«Аталған топ 23-ақпан мен 23-сәуір аралығында әлеуметтік желіде бас бәйгесіне Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер және 4 автокөлік (2 седан және 2 джип) тігіп, ойын өткізген», - деп жазды Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметіне сенсек, ұйымдастырушылардың иелігінде мұндай дүниелер болмаған. Қатысушыларды сендіру үшін 4 автокөлікті қарапайым адамдардан жалға алған.
«Жарнама және әлеуметтік желі арқылы 9 900 теңгеден 20 мыңнан астам билет сатылған. Ал кездейсоқ санды таңдау қосымшасына алдын ала жеңімпаз билеттер нөмірін енгізген», - деп түсіндірді ведомства.
ҚР ҚК 190-бабының 2-тармағының 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.