Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Жаңа аграрлық саясат туралы
Ашық хат
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазір Қазақстан бүкіл әлем мемлекеттері сияқты короновирус індеті пандемиясымен қатар экономикалық дағдарыс жағдайында тұр. Мұндай ауыртпалықтың әрқайсысы бір түйеге жүк, бірақ бұл жерде синергия факторы бар. Синергия дегеніміз грек тілінен алынған, «қосыла қимылдаушы» деген сөз. Яғни, әрбір жағдай қатар келгенде олар бір-бірін үдетіп тұрады Коронавирустың, онымен күрестің қиындығын көріп жатырмыз, басында азық-түлікке жарыса таласып, оның бағасының көтерілуіне, тапшылыққа итермеледік. Барлық жасалып жатқан шараларға көп қаражат жұмсалып жатыр, әсіресе әлеуметтік қорғау мен бизнесті қолдау мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ салуда, ал мұнай бағасының түсуі мен теңгенің құнсыздануы, өндірістің бәсеңдеуі, бюджетке түсімді азайтуда. Бұл жердегі ең қорқыныштысы - басқа елдердің азық-түлік тауарларын сыртқа шығаруға шектеу қойған кезде және көктемгі егіс жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген жағдайда, күзге қарай ауыл шаруашылығы ресурсының азайып, бағасының шарықтап кетуінен және оның қолжетімділігінің төмендеуінен азық-түлік дағдарысының туындауы мүмкін.
Соңғы жылдары аграрлық саланы Қазақстан экономикасының локомотиві ретінде дамыту туралы аз айтылған жоқ, талай бағдарламалар жасалып, қыруар қаржы жұмсалды, бірақ өзгеріс шамалы. Қазақстан экономикасында мұнай өндіру ІЖӨ-нің 14,45% құрайды, ал аграрлық сала 1990 жылы ІЖӨ 34 % құрағанын ескерсек, агроэкономика мүмкіндіктерінің мол екенін байқауға болады. Қазақстанда 7 млн 738,4 мың адам ауылдық жерде тұрады, ол елдің 41,5% құрайды, бірақ тағам және жеңіл өнеркәсіп тауарларын бүкіл қазақстандықтар пайдаланады. Сондықтан аграрлық саясатты бүкілхалықтық саясат деп қабылдау керек.
Көп жылдар бойы азық-түлік қауіпсіздігінің орындалмауы отандық тауарлар импорт көлемінің көлеңкесінде болып, ол дүкен сөрелерінде байқалмады. Сондықтан «елімізде азық-түлік қауіпсіздігі орындалды» деген тұжырымға сеніп келдік.
Қазір Қазақстанда індетпен күресу жұмыстарымен қатар ел экономикасына терең реформа қажет, бірақ оған уақыт тар. Осындай жағдайда, қатар келген қос қиындықтан құтқаратын бізде бір ғана жол бар, ол - аграрлық саланың реформасы. Менің ұсынысым жаңа аграрлық саясат жариялап, ауыл экономикасын дамытуды шындап қолға алу. Жаңа аграрлық саясаттың ерекшелігі оның қосымша қаражат талап етпеуі, тек бөлінген ресурстарды тиімді пайдалану. Жаңа саясат ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалануды ішкі нарыққа бағыттайды, басты міндет, әрбір тұрғынды жылына орта есеппен алғанда тағамның 10 түрінен физиологиялық нормаға сәйкес қамтамасыз ету, яғни, нақты өлшеммен жұмыс істеу. Екіншіден, мемлекеттің экономиканы реттеу функциясын тиімді пайдалану, жергілікті жердегі атқарушы органдардың әкімшілік ресурсын іске қосу, талапты басқаша қою. Үшіншіден, аграрлық саланы реформалау жұмысына ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге басқа да министрліктер мен ведомстволардың қатысуы, тауар өндіру жұмыстарының кешенді және жүйелі түрде жүргізілуі.
Қазақстанда бекітілген физиологиялық нормаларға сәйкес (2016 ж.) нан өнімдері нормасы - 109 кг, ет - 78,4 кг, сүт - 301 кг, жұмыртқа - 265 дана, балық - 14 кг, картоп - 100 кг, көкөніс және бақша өнімдері - 149 кг, жеміс-жидек - 132 кг, өсімдік майы - 12, қант - 33 кг болып бекітілген болатын. Ал 2018 жылғы Статистика комитетінің деректеріне сәкес қазақстандықтар нан мен қантты сәйкесінше 31 және 12,8 келіге нормадан көп пайдаланған, ол кедейшіліктің белгісі. Ал басқа көрсеткіштер физиологиялық нормадан төмен. Ал статистикалық деректердің өзінде шынайылықтың шамалы екендігін ескерсек республика бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің орындалмай жатқанын көруге болады.
Бір мысалды талдайық. Жақында әлеуметтік желіні шулатқан қырыққабат проблемасынан көпшілік хабардар. Физиологиялық норма бойынша әр адам жылына орта есеппен 24 кг қырыққабат пайдалануы тиіс, яғни оны 18 млн 632 169 адамға көбейтсек, ол 447 мың 172 тонна болады. Республикада бұл дақылдың егіс көлемі 11 756 га, орта есеппен гектарына 30 тоннадан өнім алынғанда, ол 352 мың 680 тоннаны құрайды екен, яғни қырыққабаттың өзімізге әлі де 94,5 мың тоннасы жетпісейді. Осындай жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ресейге сату үшін 50 мың тоннаға квота беруі түсініксіз. Яғни, қолдан тапшылық тудыру деген сөз, осындай қадамдардың салдарынан өткен жылы қырыққабат Қарағанды облысында 70,7%, республика бойынша 34% қымбаттап кеткен болатын. Сондықтан шетелге өнім сатып, қалталарын толтыруды ойлағандардың өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырмыз деулері - өтірік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің әлеуметтік желіні шулатқандардың жетегінде кете берулеріне болмайды.
Аграрлық саланың мұндай жағдайда болуының себебі - ауыл шаруашылығының жетістіктері тек макроэкономикалық көрсеткіштер, еңбек өнімділігі арқылы баяндалуында, үкіметтің беріп жатқан қаржылай көмегін насихаттау, мысқылдап болса да мал басының өсімін, егіс көлемін көрсетуінде болды. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді әсерлеп, бұрынғыша жұмыс істей беру министрлер мен әкімдерге тиімді болатын, халықтың ішкі өндірістен қанша тағам пайдаланып жатқаны дұрыс есептелген жоқ, ал есептері өздері жасап алған төменгі нормалар арқылы шығарылды, аграрлық саясаттағы басымдық өнімді экспортқа шығару болды.
Жоғарыдағы аталған мәселелерді орындау үшін «жол картасы» ретінде бірнеше қадам жасау ұсынылады.
1. ҚР Президентінің жаңа аграрлық саясатты жариялауы, бұл «ауыл шаруашылығын дамытудағы «бархат революциясы» болмақ. Өйткені қазіргі аграрлық саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды бұзып-жармай, тек бағыты өзгертіледі, ресурстар жұмылдырылады және бірінші кезекте азық-түлікпен ішкі сұраныс қамтамасыз етіледі. Бұл әлемдік дағдарыс кезінде ел экономикасын тығырықтан шығарудың тура жолы болмақ.
2. Барлық аудандар мен облыстарда «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын» жасауды шұғыл қолға алу қажет. Баланс ҚР Ұлттық экономика министрінің ҚР Денсаулық сақтау және Әлеуметтік даму министрлігімен келісілген 2016 жылдың 9-желтоқсанындағы №503 «Ғылыми негізде жасалған тағам өнімдерін пайдаланудың физиологиялық нормалары туралы» бұйрығына сәйкес 64 тағамның 10 топтамасы бойынша жергілікті жерде өндірілетін және экспортталатын азық-түліктің көлемі негізінде анықталуы тиіс.
3. Қазақстан аумағында орналасқан барлық ауыл шаруашылығы тауарлары мен шикізат өндірушілер, алдымен өздері орналасқан аудан мен облыс қажеттілігіне жұмыс істейді, екінші кезекте облысаралық азық-түлікпен алмасу процесіне қатысады, тек сонан кейін ғана артық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндіктері болады. Мұнан туындайтын бірінші талап - әр ауылдық округ, аудан мен облыстың өзін–өзі физиологиялық нормаға сәйкес халықты азық-түліктің 64 түрімен қамтамасыз етуі. Екіншіден, облысаралық деңгейде қарым-қатынасты жақсарту, артық өніммен бір-бірінің қажеттілігін толықтыру. Үшіншіден, ел ішінде пайдаланудан артық өндірілген немесе сыртқы саудаға арнайы егілген өнім ғана қазақстандық бренд ретінде экспортқа шығарылады (ұн, қазы-қарта, қымыз, құрт-ірімшік т.б.). Эспортқа негізінен терең өңделген өнімдер бағытталады, ал шикізат түріндегі өнімдерге (бидай, күріш т.б. дәнді дақылдар мен көкөніс, ірі қара, қой-ешкілер) кеден салығы арқылы сыртқа шығаруға тосқауыл қойылады.
4. Жаңа агралық саясаттың басты бағыты ол ішкі қажеттілікке сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді диверсификациялау. Бұл жұмыстар аудандардан басталып, аграрлық ғылымның қолдауымен жүргізілуі тиіс. Тек экспортқа арналған монодақылдарды бұрынғы ұмыт қалған егін сорттарымен ауыстыру, жаңа технологияны пайдалану, тиімді әдіспен мал өсіру тағы басқалар.
5. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жұмыстарын қаржыландыру азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін тек қажетті өнімдерге мемлекеттік тапсырыс ретінде беріледі.
Мемлекеттік субсидии беруге жаңаша көзқарас керек, әсіресе дәнді дақылдарды қаржыландыруды азайтқан жөн. Субсидия әскерді тамақтандыруға, мемлекеттің азық қорына, мектептегі тамақтандыру, қарттар үйі т.б. әлеуметтік нысандарға керек азық өндіруге ғана беріледі. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының тауарларын дүкен сөрелеріне дейін әкелетін қызметтерге эксперимент ретінде қаржы бөлуді қарастырған жөн. Сонда ғана ортадағы делдалдар мен саудагерлердің жолын кесуге мүмкіндік туады.
Басқа жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылық қолдаулар тек қайтарымдық принципте жүргізіледі. Мысалы, форвардтық келісімдер, төменгі пайыздағы екінші деңгейдегі банк пен микрокредиттік мекемелердің несиелері, техника алуға лизинг, ислам банкингі жүйесін пайдалану, биржаларды дамытып, онда фъючерлік келісім-шарттар жасау, егін егу мен жинау кезінде, жем-шөп дайындау, агротехникалық шаралар өткізуге мемлекеттік тапсырыс орындаушыларына арзандатылған жанар-жағармай беру (кейін бұл қолдау түрі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде субсидияға кіреді). Несие төмен болу үшін есепсіз беріліп жатқан субсидияларды қысқарту жолымен осы екі мекеме қызметінің үстемелерін арзандатуға болады.
Сонымен қатар тұқым шаруашылықтары, асыл тұқымды мал өсіру, өсімдік қорғау мен ветеринарлық қызмет мемлекет қамқорлығында болмақ.
6. «Атамекен» ҰКП мен «ДАМУ» КҚҚ еліміздегі шағын және орта бизнестің қызмет көрсету жұмыстарын (услуги) қаржыландыруға көп қаражат бөледі, олардың көпшілігі сауданың адамдары. Сондықтан оларды (сауда-саттық) қаржыландыруды шектей отырып тағам өндірісін қолдауға бағыт алғандары жөн. Сонымен қатар, қаржы институттары мен жергілікті атқарушы органдар агробизнесті қолдаудың балама жолдарын қарастыру – тірі мал, тұқым, жем-шөп, техника беру жолдарын қарастыру ұсынылады.
7. Нарық жағдайында сатылатын азық-түлік тауарлар бағасын әкімшілік жолмен реттеу тұрақты түрде өз нәтижесін бермейді. Оның шешу жолы тек сұранысты қамтамасыз ету. Қыруар қаражат жұмсап, азық-түліктің тұрақтану қорларын жасап, баға интервенциясын жасау да бюджетке ауыр, сондықтан бұл жұмысты конкуренттік ортаға беруді қарастыру. Ол үшін әр ауданда жеткілікті мөлшерде тағам қорын жасақтау ірі шаруашылықтарға келісім-шарт арқылы жүктеліп, оның сақталуы мен сатылуы фермерлік қойма мен дүкендер арқылы мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізіледі. Ал мегаполистерде бұл жұмыс аграрлық белдеулерде орындалады. Бұл жергілікті бизнес үшін қосымша жұмыс орны.
8. Мемлекет қаржысын үйлестірушілер, бұлар «Казагро ҰБХ» АҚ мен оның салалық мекемелері. Сондықтан олар қаржыны жұмсауды ірі жобаларға салып, оның көпшілігі тиімсіз болып жатқаны белгілі. Өйткені үкіметтің талабы, халық пайдалынатын өнім шығару емес, бюджет ақшасын толық жұмсау болды, сондықтан бұл делдал құрылымның басты жұмысы қаражатты игеру еді.
Агрохолдингтің қызметін реформалау туралы бұрынғы айтылған тапсырмалар орындалмады. Сондықтан тым орталықтандырылған аграрлық реттеу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдарға беру фермерлерге тиімді болмақ. Мұның екі жолы бар, бірі барлық аудандарда «КазАгро» филиалдарының болуы, екіншісі әр ауданда шаруашылық негіздегі коммуналдық мекемер құруды қарастыру. Мысалы аудан атымен аталатын агросервистер. Олардың басты қызметі тауар өндірушілерге қызмет көрсету, яғни айтқанда маркетинг, техникалық, ветеринарлық, өсімдік қорғау, қолмын ұрықтандыру, логистика орталықтарының болуы.
9. Мал шаруашылығын дамытуда алыс елдерден өте қымбатқа түсетін тірі мал сатып әкелудің орнына асыл тұқымды мал өсіруді қолға алып, тауарлы фермадағы мал басын қолмен ұрықтандыру арқылы көбейту қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал басын шетелге сатуға тыйым салуын қолдай отырып, оның тиімді өсу жолы - жайлымдық ет өндіруге бетбұрыс жасау ұсынылады.
10. «Отан отбасынан басталады» десе, «Мемлекеттік басқару мен экономиканы реттеу ауыл әкімдігінен басталады» деуге болады. Бүгінгі таңда ауыл әкімдігінің басты жұмысы ауыл шаруашылығын дамыту мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмек беру болмақ.
Әр ауылдық округ аумағындағы елді мекендерде кем дегенде бір-бірден іріленген ұжымдық шаруашылық болуы тиіс. Оның тиімді формасы кооперациялық шаруашылық, оларды бірізділікпен «Агрофирма» деп атауға болады. Мұндай ірі құрылымдарға мемлекеттік тапсырыс беру оңай, олар еңбек өнімділігін арттырады, жұмыс орындарын ашады және әлеуметтік көмек көрсетеді.
11. Еліміздегі үш мегаполис пен басқа қалаларда бау-бақша серіктестіктері бар, сондықтан үлкен елді мекендерде үй шаруашылығы, қосалқы шаруашылық, бау-бақшаны дамытуды қолға алу керек. Бірінші кезекте карантин жағдайында тұқым мен құрал жабдықтар дүкендері, көшет сататын базарлар күнделікті жұмыс істеулері тиіс. Екіншіден, ауыл-аудандарда, қала саяжайларында көктем күндері әр үйде картоп, көкөніс, бау-бақша егілуіне әкімдер жағдай жасаулары тиіс, ал үкіметтің оны ынталандыру шараларын қарастырғаны тиімді болмақ.
12. Сонау елуінші жылдары Кеңес одағында «отызмыңдықтар» қозғалысы болып, артта қалған шаруашылықты басқаруға қаладан білікті мамандар мен іскер басшылар жіберілді. Сондықтан Қазақстан бойынша «Мың әкім» қозғалысын жасап, орталықтан қысқартылатын мемлекеттік қызметшілер, басқа да мекеме қызметкерлерін үш жылдық мерзімге ауылға жіберуді ұсынылады. Оларға көтерме қаражат беріп, жалдамалы тұрғын үймен, орталық органдардан алынатын джип машиналарымен қамтамасыз ету шарт. Қазақстан бойынша ауыл әкімдіктерінің дербес бюджетін қайта қарау және қосымша функциялар қарастыру қажет.
13. Ауыл жастарын мал шаруашылығына тарту қиындап кетті, сондықтан жайлымдық мал шаруашылығы мен мал бордақылау кешендеріне жастарды қамту үшін бригадалық формалар мен вахталық қызмет түрлерін енгізуді ойластырыу.
14. Қазақстанда ірі көлемде жер иеленушілер бар, бірақ олардың көпшілігі жерді дұрыс пайдаланбайды, мониторинг жүргізіп, бос жатқан жерлерді қайтадан айналымға енгізу.
15. Көптеген жұмыстарды атқару кезінде шаруашылықтарды қажетті өнім шығаруға мамандандыру қажет, онан кейін бірлесіп өнім өндіру үшін шаруашылықаралық кооперация жасау туындайды, соңында терең интеграциялану жүреді. Бұл үшін ауылдағы майда өндіріс орнына ірі кооперативтерді қосу керек.
16. Әр ауылда «Кіші агроиндустрияны» жандандыру, өңдеу мен ұсақтау өндірістерін ашу, қолөнерді дамыту.
Жоғарыда айтқандай, Қазақстан халқының жартысына жуығын ауыл тұрғындары құрайды және олар шығаратын тағам өнімдерін бүкіл ел пайдаланады, сондықтан ауыл экономикасын өркендетуді тек ауыл шаруашылығы министрлігіне артып қою қателік. Оған көптеген министрліктер мен ведомстволар араласулары керек. Атқарылатын жұмыстар көп, олардың кейбіреуін тезис ретінде келтіруге болады:
Бұл ұсыныстар бір күннің ішінде бәрін сыпырып тастап жаңаша жұмыс істеу деген сөз емес. Бұрынғыдай егін егіледі, мал бағылады, бірақ талап пен өлшем өзгереді. Бекітілген тағам себетіндегі (продуктовая корзина) төменгі норма қала береді, ол әлеуметтік қолдау есептерінде пайдалынады, ал физиологиялық норма (2016 ж.) ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, тағам өнімдерін көбейтуге жетелейді.
Бір адамға барлық саланы дамыту үлгісін беру мүмкін емес, оны ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ғалымдар толықтыра бермек. Жергілікті жерлерде өздеріне тиімді өнім шығарады, мол өнім алу үшін ізденістер болады, жаңа технологияларды пайдаланады, мемлекет тек реттеу жұмыстары мен ғылыми, сервистік көмек көрсетеді, қайтарымды қаржы бөледі. Бұрынғыдай кезекпен ауыл шаруашылығының әр саласын өркендету саясаты болмайды, барлық сала, барлық өңірлер жұмысқа бірдей тартылады, жұмыс орны көбейіп, халықтың әл-ауқаты көтеріледі.
Әлемдік екі дағдарысты басымыздан кешудеміз, ал бұл үшінші азық-түлік дағдарысын болдыртпайтын, оның алдын алатын іс-шара, мемлекеттік саясат, ауыл экономикасын реттейтін құрал. Сондықтан уақыт жоғалтпаған абзал!
Атамұрат Шәменов,
экономика ғылымдарының докторы,
ауыл шаруашылығының маманы