Еліміздің бас шаһарларына карантин жарияланғалы бір ай уақыт өтті. Коронавирус эпидемиясын ауыздықтауға қанша күш салынса да, сандардың азайғаны байқалмай тұр. Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрі де індеттің шарықтау шегіне енді жетеміз деп отыр.
Халық үрейлі. Көптің жиған-терген тиын-тебені түгесіліп, жаппай қаражат іздей бастады. Әлбетте, мемлекет тарапынан берілген 42 500 теңге, бас партиядан таратылған 50 мың теңге, коммуналдық төлемдер үшін берілетін 15 мың теңге – айтарлықтай көмек. Десек те, дәл осы көмекке шын мұқтаж азаматтардың қолы жетпей қалғандары баршылық.
Ал жалпы көпшілікті карантиннен кейінгі күніміз не болады деген сауал мазалайды. Өйткені, ақпарат құралдары арқылы экономистердің, шетелдік сарапшылардың «жұмыс орыны, қызметкерлер қысқарады» деген сипаттағы мәлімдемелері көптің көңіліне қорқыныш ұялатып отыр.
Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы осы ретте көптің көкейіндегі сұрақтарды белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов мырзаның назарына ұсынды.
«Карантиннен кейінгі өмір вакцинаның жасалу/жасалмауына тікелей байланысты. Егер вакцина жасалса, көп өзгеріс бола қоймайды. Адамдар бірер ай қорқып жүреді-дағы, ұмытып кетеді. Әрине, әуежайларда, темір жол вокзалдарында эпидемиологиялық бақылау бекеттерін орнатар.
Ал егер вакцина жасалмаса, онда экономика айтарлықтай өзгереді. Халықаралық сапарлар қысқарады, демек, Қазақстанның ішкі туризмі дами бастайды.
Мұнайдың бағасы күрт түсіп, шекаралар жабылып, еліміздің испортқа тәуелді екені байқала бастады. Алдағы уақытта Үкімет пен жеке кәсіпкерлер ішкі саудаға, облысаралық саудаға көңіл бөлмек.
Егер инфекция өршіген үстіне өрши берсе, онда миграциялық жағдай орын алуы ықтимал. Яғни, қала тұрғындары қала сыртына көшеді. Сол кезде қала басшылығы агломерацияға назар аударуы мүмкін. Мысалы, Алматы қаласының жағдайында Есік, Талғар, Түрген қалалары.
Банктер биыл толық ІТ қызметтерін жолға қоя алады деп ойламаймын. Дегенмен, алдағы уақытта қаржылық ұйымдар тұтынушыларға 100 пайыз онлайн қызмет көрсетуге көшеді.
Карантин шағын және орта бизнесті тізерлетіп тастады. Шектеу шараларын алған күнде де олар қайта ашыла алмауы мүмкін. Демек, жұмыссыздық деңгейі де артуы ықтимал», - деді Расыл Рысмамбетов.