Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін компанияларға тексеріс жүргізу керектігін айтты. Оның айтуынша, онлайн-нсеие беретін компаниялар ынсапсыз пайыздық үстеме қосып отыр екен.
«Төтенше жағдай мен карантин кезінде табыс көзінен айырылған біршама азаматтар несие алуға мәжбүр. Мұны микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-несие беретін компаниялар өз пайдасына шешуде», - деді депутат.
Оның айтуынша, заң бойынша пайыздық үстеменің ең жоғары мөлшері 56 пайыз деп бекітілген. Ал өсімпұл 0,5 пайыздан аспауы тиіс.
«Мысал келтірейін: «Кредит 24» компаниясының үстемақысы 56 пайызға дейін барады. Егер 100 мың теңге алсаңыз 27 150 теңге үстемақы төлейсіз. Ал төлем уақытынан кешіккен әр күнге 3000 теңге көлеміндегі айыппұл жүреді», - деді Жамалов.
Оның айтуынша, келісімшарт бойынша қарыз алушы бірінші кезекте ұйымның сыйақысы мен басқа да үстемақыларын төлеу керек. Сосын барып негізгі қарызға көшеді. Бұл жерден қарыз алушы азаматтың қаншама уақыт бойы үстемақы мен сыйақы төлеп жүретінін байқау қиын емес.
«Мені таң қалдыратыны – Қаржы нарығын дамытуды қадағалау агенттігінің шарасыздығы. Бұл мәселе қазір коронавирустан да қауіпті», - деді депутат.
Депутат сөз соңында онлайн-несие беретін компанияларға тексеру жүргізіп, жылдық сыйақы мөлшерін түсіру бағытында жұмыс істеуді ұсынды.