Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бензин мен дизель отынының қымбаттауы азық-түлік құнына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдердің бағасы тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері – 5 пайыз, ал күнбағыс майы 2,4 пайыз өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қазір тауар өндіруші ірі кәсіпорындар бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен, ал газдың бағасы әзір өспейді», - деді Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғариннің айтуынша, дизель бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына айтарлықтай әсер етпейді.
«Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған бағамен литрі 204 теңге болады. Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір Қазақстанда баға тұрақты. Осыған байланысты бағаның бірден өсуіне негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар», - деді вице-премьер.
Сауда және интеграция министрі Қазақстанда азық-түлік бағасының күрт өсуі күтілмейді деп сендірді.
«Бүгінгі баға тұрақты. Мен олардың күрт көтерілуіне ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын», - деп түйіндеді министр.