ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерлерінің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай шаралар қолданылып жатқаны туралы айтып берді.
Президент жарлығына сәйкес елдегі коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында полция қызметкерлері, азаматтық қорғаныс, Ұлттық гвардия және медицина қызметкерлері ерен еңбек атқаруда. Осы ретте оларға қолдау көрсету үшін бір жалақы көлеміндегі сыйақы тағайындауға шешім қабылданды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 6 миллиард теңге қаражат бөлінді.
Қолға алынған шаралардың мүддесі – жеке құрамның денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық бөлімшелерде медициналық-профилактикалық бақылау орнатылған. Ал сотталғандар жұмыс істейтін цехтарда бүгінде 1 миллионнан астам маска тігілген.
«Карантин шаралары кезінде жұмыс істеп жатқан жеке құрам үшін арнайы киімдер тігіле бастады. Қазір 599 дана қолымызда. ІІМ-нің аймақтардағы бөлімдерінде де карантин шараларын қамтамасыз ету және әскерилердің денсаулық қауіпсіздігін сақтау мәселесі алдыңғы кезекте тұр», - деді министр.
Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл әрекет арқылы қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейі артып, сотталушылардың жұмыс өнімділігі жалғаса бермек.