«Жаңа Маршалл жоспары» Еуропа халқы үшін жұмыс жасамақ. Еуроодақтың жұмыс тобы бірауыздан жедел шешім қабылдап, 540 миллиард еуро көлеміндегі көмек пакетін экономиканы тұрақтандыруға жұмсауға келісті.
Бір түн бойы ақылдасқан Еуроодақ елдерінің қаржы министрлері ортақ пәтуәға тоқтады. 16 сағатқа созылған видеоконференциядан кейін Еуроодақ жұмыс тобының басшысы Мариу Сентену келісім жасалғанын мәлімдеді.
«Біздің бүгін қабылдаған пакетіміз жалпыеуропалық ЖІӨ-нің 4 пайызына тең. Бұл – өте қомақты әрі пайдалы дүние. Біз дәл бүгінгідей ешқашан және ешбір дағдарысқа қатысты жұмыс жасамап едік», - деді ол.
Келісім барысында экономикасы пандемиядан зардап шеккен Испания, Италия және Франция өз мақсаттарына жетті. Тіпті, бұл келісімге Нидерландының қарсы болғаны да көмектеспеді. Келісім барысында бөлінген қаражат қарыз есебінде жұмсалғаны туралы айтылмады.
«Еуропалық құтқару қоры бір ғана мақсатта құрылып отыр. Жұмыс тобының басшысы ретінде ауызбіршілікті ұстап отыруға міндеттімін. Біз сабыр сақтауымыз керек», - деді Сентену.
Алғашында Германия мен Нидерланды Еуропалық тұрақтандыру механизмін қолға алу жолында жұмыс жасаған-ды. Бірақ ақырында өз позицияларын өзгертті.
Бөлінген қаражаттың 300 миллиард еуро көлеміндегі бөлігі жұмыссыздарды, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалады. Еуроодақ қызметкерлері осындай көмектің арқасында үлкен дағдарыстан сытылып шықпақ ниетте.