ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы қабылдау бөлімінің қызметкерлерінен кешірім сұрады. Олар коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегені үшін берілетін үстемақыны алмаған.
Қабылдау бөлімінің қызметкері жалақысына қосымша қаражат алмағанын айтып, шағымын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлерін бірінші санаттағы дәрігерлер қатарына қосудың орнына, жедел әрекет ету бөліміне, үшінші санатқа жіберген. Бірінші санаттағылар 20 АЕК қосымша қаражат алса, үшінші санаттағылар 58-169 мың теңге ақша алады.
«Біз отбасымызды, балаларымызды, өмірімізді тәуекел етіп, алдыңғы шепте жұмыс жасап жатырмыз. Науқастар қабылдау бөліміне қандай жағдайда түсетіні белгісіз. Үшінші санатқа бұлай қарауға болмайды», - деді медицина қызметкері Амина Смаилова.
Министр бұл үндеуге көңіл бөліп, Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы қателік жібергенін айтты.
«Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы Министрліктің бұйрығын қате түсініп, сәйкесінше әрекет еткен. Барлық дәрігерлер, медбикелер, кіші медициналық персонал бірінші санатқа жатады. Басқармас басшылығы жағдайды реттеп, ертең мәлімдеуі тиіс», - деді Біртанов.