«Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы 2020 жылы уран өндірісінің көлемін азайтпақ. Себеп – коронавирус инфекциясының кең таралуы, экономикалық дағдарыс. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазатомпром» компаниясына қарасты нысандар қызметкерлер санын барынша азайтпақ. Жұмыстан босатылған азаматтардың жалақысы сақталады. Ал қажет мамандар мүмкін болса қашықтан, кері жағдайда гигиеналық талаптарды қатаң сақтай жүріп жұмыс істейді.
«Бұл шаралар үш ай бойы өз күшінде болмақ. Сәйкесінше, уран өндірісінің көлемі азаюы ықтимал. Дегенмен, осындай жағдайдың өзінде 2020 жылғы Қазақстандағы уран өндірісінің төмендеуі 4000 тоннадан аспайды деген болжам бар (жыл сайын 22 750 – 22 800 тонна уран өндіріледі). Бәрі уақыттың құзырында», - деп жазылған хабарламада.
Дегенмен, компанияның мәліметінше, 2020 жылғы өндіріс көлемі «Қазатомпромның» сауда көлеміне әсер етпейді екен.
Компания 2020 жылдың І кварталы бойынша өндіріс қарқыны, көлемі туралы ақпаратты 4-мамыр күні жарияламақ. Осыған қарамастан, «Қазатомпром» 2020 жылғы жоспар бойынша 200 миллион доллар дивиденд төлеуді жоспарлап отыр.