ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақала жариялап, қазақстандықтарды сабырға, бірлікке шақырды.
«Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде», - деді ол.
Оның айтуынша, карантин жағдайында Қазақстанның осы уақытқа дейін жүргізген саясаты мен ұстанған стратегиясының дұрыстығы дәлелденді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында заманауи талаптарға сай жүздеген ауруханалар мен емханалар салынған. Ал мамандар «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің озық дамыған мемлекеттерінде оқып, тәжірибе жинапты.
«Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр», - деді ол.
Бірақ осыған қарамастан, Елбасы қазақстандықтар алаңдайтындай күрделі мәселе жоқ екенін, жалпы жағдайдың жақсы екенін жеткізді.
Елбасы елде мұнай мен газдың қоры, алтын қоры жеткілікті екенін айтып, уайымдауға себеп жоқ деді. Сондай-ақ, ол тәртіпті қатаңдатуға шақырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына қолдау білдіріп, бірігу керек екенін жеткізді.