Қытай дәрігерлерінің тобы бейсенбі күні Қазақстанға келеді. Сапар мақсаты – елдегі коронавируспен күресу. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Құрамында коронавируспен күресте тәжірибе жинаған білікті дәрігерлері бар қытайлық делегацияның мақсаты – қазақстандық медицина қызметкерлеріне инфекциямен күресу барысында әдістемелік көмек беру», - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қытайлық мамандардың Қазақстанға келуі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен КНР төрағасы Си Цзиньпиннің 24-наурыздағы телефон арқылы жүргізген әңгімесінде шешілген.
Қытай делегациясының құрамы: Пульмонология, инфекция, интенсивті терапия, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау салалары бойынша 13 маман.
Дәрігерлер арнайы рейс арқылы елордаға келеді. Олармен бірге ҚХР тарапынан елімізге гуманитарлық көмек келуі тиіс. Гуманитарлық көмектің бірінші легі өткен аптада Алматыға жеткізілген.
Қытай эпидемияның аяқталғаны туралы өткен аптада жария етті. Қазір көрші елде 1,2 мың адам ем алып жатыр. Ал Қазақстанда дәл қазір инфекция жұқтырғандар саны – 685 адам.