ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жағдайына қатысты болжамын айтты.
«Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, науқастардың саны сәуір-мамыр айына тұспа-тұс келеді. Ең қиын уақыт – сәуірдің орта шені. Біз осы уақытқа дейін науқастар саны 3500 адамға жетеді деп күтеміз», - деді Біртанов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, карантин шаралары коронавирустың таралуын 52 пайызға төмендеткен.
«Жаз айларында эпидемияның әлсіреуі күтіледі. Бірақ бұл бәрі тоқтайды деген сөз емес. Күзде дерттің күшеюі туралы сарапшылар пікір айтуда», - деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір болжам орындалған жағдайда 3920 инфекциялық орын дайындалған. Сонымен қатар күдіктілерді оқшаулайтын 7300 орын бар. Ал ауыр науқастарды емдеу үшін 180 орын қарастырылған, жасанды дем беретін 170 аппарат жеткізілген.