Алматы қаласында науқастардың жақындары карантин уақытында күндіз-түні қауіпті шепте қызмет етіп жүрген «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Бұл туралы медицина қызметкерлері мәлімдеді.
«Өкінішке орай, «Жедел жәрдем» бригадасындағы қызметкерлерге шабуыл жасау фактісі тіркеліп отыр. Біздегі медицина қызметкерлерінің дені – физикалық күшінен гөрі білімі жоғары ер-азаматтар, нәзік жандылар. Олар өздерінен күшті адамнан қорғана алмаған», - делінген мәлімдемеде.
Медицина қызметкерлері осындай оқыс оқиғаларға куә болған жағдайда, азаматтардан 102 телефонына хабарласуын сұрайды. Сондай-ақ, қазір жедел медициналық көмек көрсету қызметі күшейтілген режимде жұмыс жасауда.
«Біріншісі – науқастың ұлы фельдшерге қол жұмсаған. Бригада қызметкері қазір ем-дом шараларын қабылдауда. Екінші жайт – шақыру түскен жерге жедел жеткен медицина қызметкеріне ішімдік ішкен азамат полиция қызметкерлерінің көзінше қол көтерген», - деп мәлімдеді баспасөз орталығы.