ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі онлайн-сабақтарды өткізбеуге шешім қабылдады.
«Біз бұл жерде көптеген мәселе бар екенін көріп отырмыз. 1-сәуірден бастап онлайн-сабақ өткізгенде, желіге тек миллион шамасындағы оқушы қосылды. Интернеттегі сабаққа жалпы саны 2,5 миллион оқушы қатысты. Біз бірқатар мәселелер бар екенін байқадық. Zoom қосымшасын, Күнделік қосымшасын, басқа да мессенджерлер қолданылды», - деді ол.
«Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде әріптестеріміз онлайн форматқа бой үйретіп, үлкен жұмыстар атқарды. Дегенмен, техникалық тұрғыдан мәселе көп. Ел көлемінде онлайн-сабақ өткізу қолайсыз. Өйткені, туындап тұрған мәселе көп. Көптеген ата-аналар интернет сапасына шағым түсіруде. Сондықтан, онлайн-сабақтарды доғаруға тура келді. Біз басқа механизмдер арқылы жұмыс жасаймыз», - деді министр.
Оның айтуынша, қашықтан оқыту үшін «Күнделік», «Білімленд», «Дарын-онлайн» сияқты онлайн-платформалар қолданылмақ.
«Біз өз әріптестерімізге сеніп артуымыз керек, бюрократияға жол жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов.