Ағымдағы жылдың басынан мамыр айына дейінгі аралықта ҚР Сауда және интеграция министрлігіне интернет-дүкендер үстінен 556 қазақстандық шағым түсірген. Нәтижесінде, оларға шамамен 7 миллион теңге қайтарылды.
Ал 2020 жылы осындай шағыммен 689 қазақстандық жауапты органдарға жүгініп, 13,2 миллион теңге қаражатын қайтарып алған. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Тұтынушылар құқығын қорғайтын заң жобасының тұжырымдамасында электронды сауда жасаған тұтынушылар құқығы туралы бөлек тарау қарастырылған.
«Бүгінгі күні нарықта дәстүрлі сауда орындары сияқты жұмыс істеп отырған интернет-дүкендер жеткілікті. Осы жағдайды сайт құрып, тауарды арзан ұсынып, 100 пайыздық алдын-ала төлем шартын банк картасы арқылы жүзеге асырып, нәтижесінде тұтынушыларды алдайтын алаяқтар бар. Ақшаны алғаннан кейін тауар тапсырыс берушіге жеткізілмейді, ал дүкен кері байланысты үзеді», - деп жазылған құжатта.
Осы мәселелерді шешу үшін заң жобасының тұжырымдамасында электронды келісім-шарт жасаудың минималды тізімін жасау ұсынылған. Бұдан бөлек, сайтты құру барысында тіркелуді міндеттеуді, сайттың электронды коммерциямен айналысатынын растауды талап ету ұсынылды.
Біршама уақыт бұрын Қазақстандағы шетелдік интернет-дүкендер салық төлейтіні туралы ақпарат тараған.
Басып шығару