Ақмола облысында полиция қызметкерлері тұрғындарға алаяқтардан сақ болуға кеңес берді. Ведомство мәліметінше, алаяқтар ақмолалықтардың есепшотынан ақша ұрлаған. Олар тұрғындарға ақшаны "қауіпсіз" шотқа аударуды ұсынады екен.
«18 желтоқсанда полицияға 55 жастағы көкшетаулық әйелден арыз түсті. Ол белгісіз адам өзін Каспи банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырып, 674 000 теңгеге ие болғанын айтқан.
Алаяқ әйелге алдағы уақытта клиенттердің есепшотына "кибер-шабуыл" жасалғалы отырғанын айтып сендірген. Кейін ол жәбірленушіге ақшаны уақытша есепшотқа аударуға кеңес берген», - делінген хабарламада.
Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алаяқтың әрекетінен зардап шеккендер іздестіріліп жатыр.
«Алаяқтық дерегінің жиі тіркелуіне байланысты дербес ақпарат беруді немесе қандай да бір әрекет жасауды, әрі банк картасында немесе ресми сайтта көрсетілген телефон арқылы өз банкіңізге қайта қоңырау шалуды сұрайтын "жалған банк қызметкері" хабарласқан кезде сақ болуға кеңес береміз"һ», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары банк қандай қызметтер түрін көрсетпейтініне тоқталды.
«Банк арнайы есепшотқа "сақтау үшін" ақша аударуды немесе қашықтан кіру және құрылғыны басқару бағдарламаларын орнатуды ұсынбайтынын еске саламыз. Олар жеке деректерді немесе карта нөмірлерін беруді, операцияны болдырмау немесе транзакцияны растау үшін SMS-кодын сұрамайды», - деді тәртіп сақшылары.