Ақындардың өлеңмен көңіл сұрасуы біз білгенде Әсет пен Кемпірбайдан басталатын сияқты. Одан ары да, бері де айтылатын аңыздар еміс-еміс еске келгендей. Ақын Төлен-Мырзаның "БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ" атты жазбасы сол дәстүрдің жалғасын көрсетеді (ақынның Facebook парақшасынан).
Бір өлеңнің тарихы...
Бұдан алдынғы жазбам денсаулыққа байланысты болғаннан соң, осы тақырыпқа қатысты менің мұрағатымда сақталған бір жәдігермен бөліскенді жөн көрдім өресі биік оқырман достар.
2010 жылы оң көзімнің қантамыры жарылып емханаға түстім. Қытайдан қоныс аударып, әсем қала Алматыда тұратын ақын досым, Алмас Ахметбекұлы өлеңмен көңілімді сұрапты.
Ол жалпы қазаққа әсіресе қазақтың гиміне айналып кеткен патироттық «Көк тудың желбірегені» әнімен кеңінен таныс. Әнін марқұм қытайдан келген қандасымыз Ермұрат Зейіпханұлы жазған. Ал өлеңнің авторы менің Алмас досым.
Біз екеуміз тағдырласпыз. Ол өзінің Сауыртауын:
«Атамнан қалған, Сауыртау,
алтыннан нарқың ауыр тау!
Сағынған сәттер ұлыңның
көңілі сәл – сәл жабырқау.
Батысың – Жайсаң, Барқытбел.
Шығысың – айдын Үліңгір.
Теріскей жаққа көз салсам
көрінер Алтай бұлыңғыр.
Күнгейің ырыс ұйыған –
Семізтай, Серке шіліңгір.
Айнала шауып енесін
айқасқа, арда құлын жүр-
саяңа сенің санамен
сағынып келген ұлың бұл...» - деп жырлап жүрегін сағыныш кернеп сарғайып Алматыда мұңаяды.
Бұл жақта көз алдымда қолды болған тағдыры тауқыметке толы Мырзашөлімді ойлап:
«Сорың қалың
Сірә да мен айыра алман,
Шығаршы деп қол созасың қайраңнан.
Өксік кернеп еңірейді құт мекен,
Саясаттың құрбанына айналған.
Өзбектердің гүл бағына айналған.
Баба рухы
Дала заңы тұр есімде,
Қарыздармын мәңгіге бұл есімге.
Балалық шақ,
Жастық шақ,
Ағалық шақ,
Қалдың-ау, тамшы жастың үлесінде!
Мен тұрмын шамам келмей күресуге.
Туған жер
Мырзашөлде бәрі қалды:
Өмірімнің ең керемет нәрі қалды.
Қойныңда Анам қалды,
Балам қалды,
Сағыныштың сарғайтар жапырағын,
Өткен күннен тұратын санам қалды.
Асқар тауым- жетектеп мені өсірген
Кәрі тал-алып қалдың сары шалды.
Қимай-қимай, қоштасып өксік кернеп,
Жылай-жылай жүректің қары талды.
Мырзашөл қош бол енді, қош бол енді,
Өзіңде бәрі қалды, бәрі қалды...
Қимастық өртеп жатыр өзегімді,
Білемін тағдырыңа төзеріңді.
Алып қашқан амалсыз қыз секілді,
Ұмытарсың бір күні өз еліңді.
...Бірақ, бірақ,
Қимастық өртеп жатыр өзегімді.» - деп жырлап жүрегімді кек қысып Шымқалада мен еңіреймін...
Құдай-ау бірін айтып біріне кеткеніме қарашы. Алмасты таныстырамын деп біразға барып қалыппын ғой.
Әу баста әңгімені ойымның өзегі болған Алмастың көңіл сұрауынан бастап едім. Енді сонымды жалғастырайын.
Қазақтың игі дәстүрі бар, ауырып қалған адамның көңілін сұрай баратын. Бұның жанға демеу, жақсы іс екенін ауырған адам ғана біледі. Мен Алмас досымның «Көңіл сұрау» өлең хатын алғанымда бұған тағы да анық көзім жетті.
«Аурудың емі – саудың сәлемі» дегенді атам қазақ қалай тауып айтқан. Ендеше достар әңгімені көп созбай ақын досымның көңіл сұрау жырын бәріміз бірге оқиық.
КӨҢІЛ СҰРАУ
(Ақын Төленмырзаның көзі ауырғанда)
Армысың бауырым,
Хабарсыз қалдық көктемнен!
Сағынып сәлем жолдайындеп ем көптен мен.
Жолыға қалсақ – болашақ жайлы толғанып,
Тебіреніп бір, сыр шертер едік өткеннен.
Жасымыз тете,
Жанымыз жақын құрдас ең.
Туған еліміз әдіре қалған мұңдас ел.
Туған жеріміз қолдан бір кеткен армандай,
Алыста қалды – Шәуешек пенен Мырзашөл.
Көңіл-күй қалай?
Көркем ой қалай, сыр қылар,
Жанама маздап,
Жай таппас жаның жыр құмар?!
Көңілім менің көк бұлтқа малтып кілкіді,
Қарашығыңа шөккенін естіп сұр мұнар.
Даладай дархан, өмірге шексіз құмар жан,
Далаға нұрын төгер бір жомарт күн алдан.
Күн нұры аптап, сейілер дала тұманнан,
Жан нұры қақтап, сейілер жанар мұнардан.
Көрейін сонда жырлары оттай Төленді,
Көрейін сонда жанары шоқтай Төленді.
Қарашығыңды қанатыменен желпісін,
Ұшырдым саған көгершін етіп өлеңді.
Алмас Ахметбекұлы
Алматы, 20.09.2010 жыл.
Көңіл сұраған Алмас ақынға менің жазған жауабым.
***
«...Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері...»
Кемпірбай
Ассалаумағалейкүм
Алмас ақын,
Жырласа туған жерін таңға асатын.
Ат басын бұрғаннан соң әдейі іздеп,
Сендегі ізгілікке бар қосатын.
Емессің қалам алған сен жас ақын,
Көрсетер кезге келдің Ер жасатын.
Туған жер сенен қалып, менен қалып,
Өлеңің дертті елге ем жазатын.
«Көк туды желбіреттің...» ән мен іліп,
Жырладың Тәуелсіздіктің нарқын біліп.
Жүрегіңді жарып шыққан көгершін-жыр,
Еліңді бастап келді жарқын күліп.
Көңлімді сұрап келдің Әсеттейін,
Деуші едім жақсылыққа дос ед бейім.
Өлеңнің қаршығасын қазға салып,
Мен қалай көңіліңді қош етпейін!
Кел Алмас, төріме шық дарханым-ай,
Жазылмап еді көптен арқам бұлай.
Сұлулықты іздеген қос жүректің,
Я, Алла қайыр бергін талқанына-ай...
Өзге емес өзіне айтты ғәріп Қасым,
Әкімдік ақындықты налытқасын...
Ұшырдым қаршыға-жыр Алмас досым,
Көгіңде шыр айналып қалықтасын!
Төлемырза
Шымкент, 21.09.2010 ж.
Құрметті достар оқып ой бөліскендеріңізді қалаймын.