Көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза дегенде ең алдымен «Қызыл жебе» роман-эпопеясы еске түседі. Бұл роман – мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі жолы мен қызметі арқылы сол тұстағы тоталитарлық жүйенің шынайы бет-бейнесі мен қуғын-сүргін саясатын шебер суреттеген отандық әдебиеттегі үздік шығармалардың бірі. Романнан аумалы-төкпелі замандағы басты кейіпкердің күрескерлік қырларын, айтылмай келген тарихтың ақтаңдақ беттерін, тағдырдың тәлкегіне түскен адамдардың өте ауыр жағдайын молынан кездестіруге болады. Меніңше, осы шығарманы оқыған адамды романдағы сан алуан оқиғалар мен көкейкесті қоғамдық мәселелер қай кезеңде болса да толғандырмай қоймайды, әрі санасында қатталып қалады. Сондықтан бұл шығарманың болашақ ұрпақ тәрбиелеу ісінде алатын орны ұшан-теңіз.
«Қызыл жебе» ғана емес, жазушының «Ай мен Айша», «Қара маржан» романдары да, тіпті «Ақсай мен Көксай», «41-ші жылғы келіншек», «Нәзік бір сәуле» сынды әңгімелері де, одан қалса публицистикалық мақалалары мен очерктері бір-бір төбе.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамды қатты толғандырған мәселелер, соның ішінде тіл тағдырына, ұлттық мәдениетті дамытуға, жемқорлықтың жаппай жайылуына қатысты ашық айтылған ой-толғамдары әлі күнге дейін қалың қазақ оқырманының ауызынан түспейді. «Бір кем дүние», «Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда!», «Ақындар мен әкімдер», «Намыс найзағайы» сынды ой-толғамдары – бүгінде іздеп жүріп оқитын құнды дүниелер. Шерхан Мұртазаның қалам тербеткен осындай әртүрлі жанрындағы еңбектерін саралай келе, оны халық жазушысы қана емес, қара қылды қақ жарған әділ, шыншыл, тумысы бөлек дара тұлға, ұлттың алып данышпаны деп білеміз.
Қазақ журналистикасының бүгінгі марқасқалары «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтанышпен жазады. Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Мұхтар Шаханов сынды ақын-жазушыларды журналистика жолында (тіпті өмір жолында десе де болады) түлетіп шығарған Шерхан Мұртаза жаңа мектепті қалыптастырушы еді.
Көпшілікке белгілі бұл әңгімені не үшін қозғап отырмыз? Не себептен оқырманның есіне салып отырмыз?
Жуырда «Айқын» газетінде жарық көрген «Шерағаны жатақхананың «шырақшысы» етпек пе?» деген мақала қолыма қалам ұстатты. Бұл мәселе Комиссияның ғана шешіміне жүгініп, ала тонын алып қашып отырған Жамбыл облысының әкімдігіне үлкен сын! Жамбыл облысының тумасы болмасам да, мәдениет, тарихи-мәдени мұра саласының маманы ретінде аталған мәселеге байланысты өз ойыммен бөлісуді жөн көрдім.
Ең алдымен, ескерткіш ұлы тұлғаларға, не тарихи оқиғаларға арналып орнатылса да, оған тек әдемі өнер туындысы ретінде ғана қарамаған жөн деп білеміз. Тас мүсінде рух, мінез және философия болмаса, оның алып-берері шамалы. Ескерткіштерді қаланың ең көрікті жерлерінде орнатып, маңайын мәдени іс-шаралар өткізуге лайықты етіп көріктендірсек, оның ұтымды болары сөзсіз. Мысалы, Алматы қаласындағы саябақта орналасқан Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіштің қасында еліміздің ақындары, шығармашыл зиялы қауымы жиі бас қосып, іс-шаралар өткізіп тұратыны белгілі. Сол сияқты 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркте орналасқан Даңқ Мемориалы мен Б.Момышұлы ескерткіштерінің маңы да ешқашан халық арылмайтын керемет орындардың бірі.
Тағы бір мысал, елордамызда осыдан бірнеше жыл бұрын қос батырымыз Р.Қошқарбаев пен И.Панфиловқа бір көшенің бойынан ескерткіштер орнатылды. Р.Қошқарбаевтың мүсініне Б.Момышұлы көшесі мен Р.Қошқарбаев даңғылының қиылысынан орын бұйырса, И.Панфиловтың мүсінін орнатуға «Жерұйық» паркінің ішінен орын берілді. Р.Қошқарбаевтың мүсіні бір қарағанда тоғыз жолдың торабында тұрғандай көрінгенімен, кейіннен бұл орынның кемшін тұстары байқалды. Ескерткіштің айналасын биік ғимараттар қоршаған. Халықтың жиналуы қиын. Оның үстіне көліктерді қоятын орын жоқ. Осыған байланысты Рейхстагқа ту тіккен батыр бабамыздың рухына тағзым етем деушілердің ескерткіш маңына келуі қиындап, кейіннен бұл жағдайға реніштерін білдіргендер болды. Ал И.Панфиловтың мүсіні кең парктің аумағында орналасқандықтан және көліктер ағыны болмағандықтан, халықтың оған емін-еркін келіп-кетуі тиімді болып шықты. Демек, ескерткіш тұрғызғанда да кешенді түрде алдын-ала ойластырған жөн деп білеміз.
Ұлы тұлғаларымызға арнап, шет мемлекеттердегі мүсіндерін қою үшін таңдалған орындарға мән беріп көрейікші. Мысалы, Абай Құнанбайұлының Мәскеудің Чистопрудный бульварындағы ескерткішінің төңірегі қаладағы ең танымал әрі демалуға ыңғайлы орындардың бірі саналса, әйгілі мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласындағы (Париж маңы) мүсіні жоспарлы түрде «Шоқай атындағы саябаққа» апарып орналастырылды. Бұл жобаларды әбден жақсылап ойластырып, мүсіндердің эскиздік жобалары, орналасатын схемасы, макеттері талқыланғаннан кейін және мемлекеттер арасындағы ұзақ келіссөздерден кейін ғана жүзеге асыру мүмкін болды.
Көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның мүсінін мүмкіндігінше, адамдар жиі тоқтайтын, биік ғимараттармен қоршалмаған, алыстан көз көретіндей жерге тұрғызған ләзім. Сонда ғана халық өзі жақсы көретін тұлғаның мүсініне жақын келіп, тағзым етіп қайтады. Кейіннен ол жерлердің маңына түрлі мәдени шаралар, әсіресе әдеби, еске алу кештерін өткізуге болар еді.
Мұнан бөлек, орнатылатын ескерткіштің жобасын елімізге танымал мықты мүсіншінің сомдағаны және жобаның Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның талқысынан өткізген абзал. Себебі, бұл ең алдымен заң талабы болса, екіншіден комиссия құрамындағы өте тәжірибелі мамандардың (мүсінші, суретші, тарихшы т.б.) пікірлеріне құлақ түріп, қажеттілік туындаса туындының жобасын алдын ала пысықтауға, яғни кем-кетіктерін жөндеуге мүмкіндік береді. Ұзақ жылдар бойы осы комиссияның жұмысын ұйымдастырып жүріп, комиссияның қарауынан өткен жақсы жобалардың мақұлданып, ал көркемдік тұрғыдан төмендеулері кейін қайтарылып жатқанын куәгері болғанбыз. Сол сияқты уақыттың тығыздығын, қаржыны демеушілердің бергендігін немесе т.б. нәрселерді сылтауратып комиссияның қарауына ұсынбай, жасырып орнатылған ескеркіштердің де жағдайымен таныспыз.
Әдетте, көркемдік жағынан сын көтермейтін мұндай мүсіндер кейіннен қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап, кейде қойылған орнынан амалсыз сырылып жатады. Олай болса, «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, Шерхан Мұртазаға арналған мүсіннің жобасын әзірлеуді шебер мүсіншіге жүктеп, эскиздік жобаны осы бастан елордамыздағы білікті, тәжірибелі мамандардың талқысынан өткізуге кіріскен жөн деп санаймыз.
Жалпы, Қазақстанда тарихи тұлғаның жасы тек үлкен мерейтойға сәйкес келсе ғана өз деңгейінде атап өтуге болады деген үрдіс бар. Еліміздің заңнамасында (ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1465 қаулысы) қалалардың, ұйымдардың, жекелеген әйгілі тұлғалардың мерейтойларын жүз жылдығында және одан әрi әрбiр 25 жылда ғана республикалық деңгейде атап өту керектігі жазылған. Әрине, бір қарағанда бұл құжаттың мазмұны дұрыс тәрізді: мерейтой иелері көп, мемлекеттің қаржысы бәріне жете бермейтін шығар.
Екінші жағынан, «Еліне еңбегі сіңген алып тұлғаларды республикалық деңгейде атап өту үшін неге жұрт тағы бірнеше жыл сарылып күтуі қажет?» деген орынды сұрақ туындайды. 25 жылда бір буынның өзгеретіні анық. «Әрбір 25 жыл сайын ғана республикалық дейгейде атап өту қажет, оған дейін өз облыстарыңда тойлай беріңдер» деген ұстанымның уақыты өткен тәрізді. Кешегі «Қаңтар оқиғасында» 20 мен 25 жас аралығындағы жастардың Алматы мен басқа ірі қалаларда ойран салуы – қоғамда ұлттық құндылықтардың, соның ішінде классикалық көркем әдебиеттің өз деңгейінде насихатталмағандығын, жүргізілмегендігін көрсетті. Егер сол 25 жыл ішінде Шерхан Мұртазаның, Әбіш Кекілбайұлының, Мұхтар Әуезовтың, Ілияс Есенберлиннің есімдері елімізде дұрыс аталмай, қазіргі жас буын олардың кім екенін жеткілікті деңгейде білмей өссе, оған ең алдымен кімді кінәлауымыз қажет?!
Бұл жақта әңгіме қолданыстағы мерейтойға қатысты заңнаманы өзгерту туралы ғана болып жатқан жоқ, мәселе «еңбегі ерен белгілі ақын-жазушыларымызды мемлекет қалай насихаттап жатыр?» деген сұраққа да келіп тіреледі. Айтпақшы, соңғы жылдары республикалық деңгейде аталып өтіп жатқан мерейтойларға қаржының мардымсыз бөлінуі де көңілді алаңдатады. Мерейтойды жыл санап күтіп, мемлекеттен аз да болса қаржы бөледі деп жүргенде келер ұрпақ өз тілінен әбден алыстап, дамыған елдердің «басқыншы мәдениетінің» шылауынан шыға алмай қала ма деген қауіп бәріміздің санамызда сайрап тұр.
Сонымен кез келген маңызды мерейтойға дайындықты бірнеше жыл бұрын жоспарлап, өткізетін шараларды зиялы қауыммен, ғалымдармен және т.б. жанашыр азаматтармен бірге әбден ойластырып, Үкіметтің тікелей қолдауымен және қаржыландыруымен түрлі форматта, әрі сапалы түрде, барлығының есінде жақсы қалатындай етіп өткізгенге не жетсін! Әйтпесе, мерейтойлық шараларды көбіне бәрімізге үйреншікті болып кеткен ескерткішті ресми ашуменен, концерттер мен конференциялар өткізуменен ғана шектеп қойып жүргеніміз жасырын емес. Осындай мәселелер осы уақытқа дейін айтылмады емес, айтылды. Енді сол сөздерді іске асыратын ниет табылып, уақытты бекер өткізіп алмасақ екен.
Жалпы, қазақ баласын Шерхан Мұртазадай еліне, ұлтына жанашыр, мінезді, шыншыл, әділетті етіп тәрбиелейміз десек, данышпан жазушымызға арнап мемориалдық музей ашып, ескерткіштерін әрбір қала мен облыста орнатып, үздік шығармаларын мектеп қабырғаларынан бастап, БАҚ-тарға дейін дұрыс насихаттаудың амал-әрекетіне ертерек кірісуіміз қажет. Бәлкім, сонда саналы, сапалы, иманды ұрпақтың заманы келер, елдігіміз түзелер. Яғни, Шерхан ағаның сөзімен айтсақ, «Заман түзелер, адам түзелсе»...
Әлібек КҮЗЕРБАЕВ, мәдениеттанушы
«Ана тілі» газеті