Әлем жұртшылығының көзайымына айналған «Тақтар таласы» сериалының финалы романмен үндеспейді. Бұл туралы еңбек авторы Джордж Мартин сериал фанаттарының сұрағына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Бүкіл əлемге танымал «Мұз бен от жыры» романдар циклінің авторы, жазушы Джордж Р. Р. Мартин өз блогында еңбектің соңын қалай аяқтайтынын баяғыда ойластырып қойғанын жазды. Тіпті ол кітаптың басылып шығатын соңғы 2 бөлімінде оқырмандарды ойламаған оқиғалар күтіп тұрғанына да тоқталған.
«Соңғы уақытта менің шығармашылығым сериалдан алыстап бара жатқанын байқадым. Десе де, бұдан қашып құтыла алмаймыз. Өйткені, роман жазу сериал түсіруден әлдеқайда қиын. Оқырмандар сол өзгерісті, күтпеген оқиғалар желісін еңбектен оқи алады», – дейді жазушы.
Сонымен қатар, ол кей оқиғалар сериалда басқаша түсірілсе, романда өзге қырынан өрбитініне тоқталған. Мысалға экранда өліп кеткен кейіпкерлер, еңбекте тірі болса, финалға дейін барғандар романда өліп кетуі мүмкін.
Жазушының еңбегі оқырмандарына қашан жол тартатыны белгісіз. Джордж Мартин бұған дейін романдар циклін 2016 жылы аяқтайтынын айтса, кейін 2020 жылға қалғанын ескерткен. Одан бері де екі жыл уақыт өтіп кетті.