Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің дүниеге келгеніне 85 жыл. “Қазақ жырының Қадыры” атанған ақын Қадыр Мырза Әли 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген.
Бала кезінде жетім қалған Қадыр кедейліктің тауқыметін көріп өсті. Балалық шағынан бастап кітаптарға қызығушылық танытып, Жымпиты аудандық кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Тіпті, кітапханадағы барлық кітаптарды қайта оқып шығып, көркем әдеби шығармалардың жаңа басылымдарын асыға күтетін.
Қадыр алғаш рет өлең жазуды алтыншы сыныпта оқығанында, 11 жасында бастады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін бала Қадыр интернатқа жіберіледі. Онда ол достар туралы, олардың кемшіліктері туралы жаза бастайды. 1954 жылы жас ақын өлеңдерін республикалық «Пионер» журналында жариялап, біртіндеп таныла бастады.
ҚазҰУ-нің филология факултетін бітірген. 1958-1993 жылдары “Балдырған” журналында әдеби қызметкер, “Жұлдыз” журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, “Жазушы” баспасында поэзия редакиясының меңгерушісі, Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, “Балауса” баспасының редакторы қызметтерін атқарды.
Қадыр ақынды тану – қазақты тану. Өз халқыңды сүю өзгені мансұқтау емес, өз ұлтыңды ұлықтау. Ақын Күләш Ахметованың сөзімен айтсақ: «Қадыр Мырза Әли – ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшінін-мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын».
«Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі», – деп белгілі жазушы, мемлекеттік, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тегін айтпаған. Қадыр ағамыз Қаскелеңде мұғалім болған жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа да әдебиеттен сабақ берген. Қадыр Мырза Әли – әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен тұлға. Дегенмен ол кісі әдебиетпен қатар математика саласына да өте жетік болған екен. Қадыр ақын «Жазмыш» пен «Иiрiм» атты қос бiрдей әдеби мемуарлық кiтабын жазды. Өзінің «Иірім» кітабынан сурет өнеріне бейім болғандығын, студент кезінде Мұхтар Әуезовтің лекциясы үстінде ұстазының суретін салып отырған бала шәкіртке Әуезовтің өзі ризашылық білдірген екен.
Қадыр ақын жырлаған: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Ақын тілімен: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп те жаздық. Қазақ тілінің қадірін, қасиетін айтудай-ақ айтқан қазақтың қадірлі ұлы Қадыр ақын «Бала тілі бола алмаса ана тіл, ана тілі бола алмайды ешқашан» деп те жырлады.
Осы орайда Мұқағали Мақатаевтың «Қадыр - найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы - өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес» деп айтуы шындықтың ауылынан алыс емес.
Қадыр Мырза Әли «Күндер-ай» жеке жинағын құрайтын 200-ден астам мәтіннің авторы. Қадыр Мырза Әли қазақ балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ақын. Ол мағыналы және тіл жаттықтыруға арналған жаңылтпаштар мен жұмбақ, мысалдар мен тапсырмалар, мектепке дейінгі жастағы балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған ертегілер жазды. Ақынның шығармашылығы қазақ орта мектебінің бағдарламасына еніп, жоғары сынып оқушыларына оқытылады. Оның көптеген өлеңдері қазақ мектептерінің бастауыш сыныптарына арналған «Ана тілі» оқулығына енгізілген. Сондай-ақ, Қадыр Мырза Әлидің туындыларына негізделген пьесалар республикалық театрларда сахналанады.
Ақын римдік ақын Овидияның, парсы ақыны Руми Джалаладдин, итальяндық балалар жазушысы Джанни Родари, литвалық ақын Эдуард Межелайтис, француз жазушысы Виктор Гюго, орыстың Лермонтовы мен қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың шығармаларын аударған. Оның ерекше мақтанышы – Есенин лирикасының аудармасы. Қадыр Мырза Әли Есенин лирикасын аударуын өзінің
шығармашылық жетістіктігі және аударма жұмысындағы ең жоғарғы жетістіктері ретінде қарастырды.
Сонымен қатар, оның тағы бір өмірлік қызығушылығы – жұмбақтар. Ол қазақ оқырмандарын әлем халықтарының жұмбақтарымен таныстырған аудармашы. Қадыр Мырза Әли жүзден астам ұлттың жұмбақтарын жинап, аударған.
Қадыр Мырза Әли көп оқыған адам. Бүкіл ғұмырында 7 мыңға жуық кітап жинап, бәрін оқып шыққан. Тіпті, олардың кейбіреуін екі-үш рет қайталап оқыған. Ақынның шығармашылығы әрбір қазаққа белгілі және оқырмандар оның туындыларын сүйіп оқиды.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірген Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әли өмірінің соңғы жылдары екі рет инфаркт алып, 2011 жылы 23-нен 24-ші қаңтарға қараған түні жүрегі тоқтап қайтыс болды.
Қаламгер дүниеден өткен соң оның шығармаларын жан-жақты насихаттау мақсатында “Қадыр Мырза Әли” республикалық қоғамдық қоры құрылды. Оның туған өлкесі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Қазақстанда тұңғыш рет Қадыр Мырза Әли атындағы шығармашылық орталығы ашылып, ақынға үлкен ескерткіш орнатылды.
Қадыр Мырза Әли – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген ақын. Қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның поэзиясы қай кезде де мәнді, өміршең.