БІР АУЫР ТОЗАҢ ӘЛЕМДІ ТҰР-АУ ЖАПЫРЫП
Бұл Алматы. Жароков пен Әл-Фарабидің қиылысында түсірілген сурет. Көліктің көрсеткіш дәлдігіне күмән жоқ.
30 жылда мұндай ыстықты көрмеп едік. Тау өзендері буырыл тартып тасып жатыр.
P.S.
Жазбаны босқа қоймай, Мұқағалидың өлеңімен толықтырайын. “Сыра ішсем бе екен Жұмекенді шақырып” деп аяқтайды. Бірін - бірі шақырып сыра ішетін, шақырса (ол кезде) айдаладағы Айнабұлаққа баратын болғаны ғой.
Бүгінгі қапырықта Мұқағалиша өлең жаза қойған ақын болды ма екен? Ең кемінде Алматыдағы екі ақын шақырысып сыра ішті ме екен!
ҚАПЫРЫҚ БӘРІҚапырық бәрі;
Көңілім де менің қапырық,.
Емендер анау,
Жапырақтары шашылып,
Қайыңдар әне
Бөксесін жерге батырып,
Аһ ұрып бәрі
Аңсайды нөсер шақырып.
Автобустар да,
Трамвайлар да тұр жанып,
Самалға шөлдеп,
Саяны қуып жүр халық.
Үп еткен желді тұтқындап алып дәу үйлер,
Демімен ыстық
Тротуарларды тұр қарып.
Қапырық бәрі:
Аспан да, жер де қапырық,
Ауыр бір тозаң
Әлемді тұр-ау жапырып.
...Оңаша кетіп,
Айнабұлақта отырып,
Сыра ішсем бе екен,
Жұмекендерді шақырып...
Жазба белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
]