Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, жазушы:
«Сен не қазақ тілін оқы, не спортпен айналыс»
– Уәлихан аға, сізді біздің қазақ жұртшылығы талантты журналист, жазушы ретінде жақсы біледі. Әдебиетке құштар болуыңызға кімдер баулыды?
– Әдебиетке құштар болудың әр түрлі жолдары бар ғой. Менің әдебиетті жақсы көруіме анам әсер етті. Анам байырғы әдебиетті керемет жан-жақты білетін, аңыз-жырларды, ертегілерді айтатын. Сосын, шешемнің әкесі – Қолғанат деген кісі Жетісуда шертпе күйдің шебері ретінде белгілі болған адам. Әкемнен бір айымда жетім қалған екенмін. Әдебиетке бала кезімнен, ана сүтімен бірге құмар болдым деп ойлаймын.
Анам Мәртай Қолғанатқызының арқасында бірінші болып әдебиет атты сиқырлы әлемнің тылсым күшін сезіндім ғой деп санаймын. Содан кейін Алматы қаласына келіп, 6-сыныптан бастап №12 қазақ орта мектебінде оқыдым. Бұл №12 қазақ орта мектебі Алматыдағы сол кездегі жалғыз қазақша білім ордасы еді. Сол мектепке балалар жан-жақтан ағылып келіп, оқып жататын. Ұлағатты ұстазым Әлия Дүйсенова дейтін апайдың тәрбиесін көп көрдім. Ол Ленин орденді, адамгершілігі мол мұғалім еді. Әдебиеттен сабақ беретін. Әлия апай әдебиет үйірмесін ашып, соның жұмысына араластырды. Кейін сол үйірмеге жетекшілік еттім. Сонымен бірге, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырдық.
Жалпы, осы әдеби өмірге ерте араласуыма Әлия апайдың ықпалы көп болды. Өйткені, №12 орта мектепке сол уақытта мықты-мықты деген зиялы қауым өкілдері келіп, кездесу өткізіп тұратын. Сол мектепті бітірген Райымбек Сейтметов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді түлектер, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза сияқты жазушылар жүздесуге келетін. Соларға қарап арнау өлеңдер оқыдық. Әлі күнге шейін есімде, Сырбай Мәуленов ағамыз кездесуге келіп, алғаш рет «Ақ бұлттар» деген өлеңін оқыды. Содан кейін сол кісіге арнап «Сіз болсаңыз құяр жері сағаның, Мен де солай көз жазбаймын, ағамын» деп арнау өлең жазып, ақын болсам деп талпынып, өз жолымды іздегендей болдым.
Мектепте осындай кездесулер, диспуттар жиі өтіп тұратын. Соларға белсене араластым. «Лениншіл жас» газетіне бір топ өлеңдерімді апардым. Сол уақытта әдебиет бөлімінің меңгерушісі, қазақтың атақты ақыны, жазушысы Жұмекен Нәжімеденов екен. Бәрі, әрине, балалық өлеңдер еді. «Жалпы, мына сөздеріңе қарағанда, өлеңдеріңнің құрылысына қарағанда, саған өлеңнен гөрі прозамен айналысқан жөн болар, сенің соған ыңғайың бар секілді. Қазақтың бәрі өлеңді құрастыра береді ғой, бірақ ертең мықты ақын болғың келсе өзің көрерсің. Мен саған сондай кеңес берер едім», – деп ақылын айтты.
Өзім 8-сыныпта оқитын кез, балғын шағым ғой. Сондықтан да өлеңді ара-тұра жазып жүрдім де, ақырындап прозаға ауысып, ықшам әңгімелер жаза бастадым. Сөйтіп, оқуды бітіргеннен кейін КазГУ-дің Филология факультетіне оқуға түстім. Сол жылдардан спортпен айналыстым, кезінде Қазақстан құрама командасында күрестім.
Жастық албырттықпен спортта да біраз жетістіктерге жеттік. 3-курста оқып жүрген кезім. Орынбасар Төлегенов деген доцент ағай бар еді. Өзі соғыста жарақат алған майдангер, тілі күрмеліңкіреп сөйлейтін. Бірде сол кісі: «Уәлихан, сен не қазақ тілін оқы, не спортпен айналыс» деп кесіп айтты. Содан бастап спортты екінші орынға қойып, оқуға қарай ден қойдым.
Маған профессор Бейсембай Кенжебаевтың ықыласы ерекше түсті. Ол мені шақырып алып, Нұржан Наушабаевтың шығармашылығын зерттеуді тапсырды. Сөйтіп 3-курста жүргенде Нұржан Наушабаевтың өмірі мен қызметі жөнінде үлкен республикалық студенттік ғылыми конференцияда баяндама жасап, екінші орын алдым. Содан да болар, бірте-бірте көне әдебиетке қарай ауыса бастадым. Бейсекең баяғы ескішіл, діншіл, кітаби ақындар деп аталатын ауқымды тақырыпты зерттеп жүрді. Орақ тілді, от ауызды ақын, сазгер, палуан атанған Нұржан Наушабаев туралы зерттеулерім жолымды ашты.
Ғылыми-әдеби зерттеуімді тоқтатқан жоқпын. Профессор Бейсембай Кенжебаев дүниеден өтерінде маған осыны аманат етті. «Әуелі мұны ескішіл ақындар деп алдық, одан кітаби ақындар, кейін ағартушы ақындар деп алдық. Түбінде сен бұларды діни ағартушы ақындар деп шығаруың керек» деді Бейсекең. Сөйтіп, мынау Маржаниден бастап, анау Курсавиді, татардың ескі жәдитшіл ағымының өсу жолын зерттеп, академик Рымғали Нұрғалиевтің кеңесшілігімен «Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым.
5-курста Нұржан Наушабаев жөніндегі еңбегім жарық көрді. Бұл менің газетке баруыма ықпал етті. Алматы облыстық «Жетісу» газетіне тілші болып жұмысқа орналастым. Менің журналистикадағы мектебім осылайша басталды. Осы кезеңде Ақмолла Мұхамедияровтың шығармашылығын да зерделеуге кірістім.
Кеңес дәуірі ғой, бүгінгідей қазақ тілінде шығатын газеттер көп емес, басылымдар аз. Алматы қаласында «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», сосын балалардың «Қазақстан пионері» мен «Жетісу» газеттері шығатын. Сондықтан газет маңына жұмысқа орналасудың өзі қиын болатын. Мен алты ай шартпен жұмыс істеп, тек қаламақы тауып күн көрдім. Соңынан орын босап, қызметке алындым. Сөйтіп, «Жетісу» газетінде жеті жыл қызмет істедім. Бұл менің журналистиканың қайнар көзінен өткен жылдарым деп білемін. Өйткені, осы жылдарда қоғамдық жұмыспен айналыстым, комсомол ұйымының хатшысы болдым. Алматы облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі етіп бекітті, съездердің делегаты боп сайландым. Журналистикамен бірге саяси өмірге ақырындап араласа бастадым.
«Адам жас шағында батыр болады»
– Өмір деген адамға бір-ақ рет беріледі ғой. Сізге тағдырлық бетбұрыс жасауға дәнекерлік жасаған жақсы жандар болды ма?
– 1978 жылы мені комсомолдың орталық комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырды. Мен бас тарттым. Ақмолла Мұхамедияровтың өмірі мен қызметі жөнінде ғылыми кандидаттық диссертациям қорғалуға дайын тұрған, үй-жай алғанмын, партияға өткенмін. Бар мақсатым – университет мұғалімі болу еді. Соған өзімді дайындап жүргем, кейін профессор Бейсембай Кенжебаев секілді профессор болсам, көне әдебиет ағымын зерттейтін маман болсам деп армандайтынмын.
Бірде комсомолдың орталық комитетіне шақыртты. Бірінші хатшы Қуаныш Сұлтанов еді. «Мына жерге жұрт тамыр-танысын, ағайындарын салып кіре алмай жүр. Ал сен неге қашасың. Комсомолдан кейін қайтадан журналист болып кете алмаймын, не университеттің мұғалімі бола алмаймын дейсің бе? Одан да бағыңды сынап көрмейсің бе?» – деді ол.
Жанашыр ағаның айтқан сөздері маған қамшы боп тиіп, ақырында комсомолдың орталық комитетінен бір-ақ шықтым. Насихат бөлімінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы қызметіне орналастым. Бір жыл өткесін баспасөз секторының меңгерушісі болдым. Осылайша өмірімде басқаша бетбұрыс басталды.
«Жолдас» деген телефестиваль өткізгеніміз, жастардың «Жігер» фестивалін ұйымдастырғанымыз әлі есімде. Оған жас ақын-жазушылар, өнер адамдары қатысты. Бұл шаралар әдебиетке деген құштарлығымды одан әрі оятып жіберді. Араға үш жыл салып, «Қазақстан пионері» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Сүрлеуі мен соқпағы мол өмірде Қуаныш Сұлтанов секілді абзал азамат кездеспесе не істер едім? Кейін осы жөнінде «Кімге қарап бой түзеу керек, кімге қарап ой түзеу керек?» атты эссе жаздым.
Міне, осындай абзал да жайсаң жандардың арқасында мен үлкен саясатқа да келдім. Тағдыр жазып, «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болдым. 1991 жылы тамыз айындағы Мәскеудегі бүлік кезінде «Лениншіл жас» газетін мен ешқандай қаулысыз «Жас Алаш» деп өзгертіп жібердім. Өйткені, «Жас Алаш» газетінің атын кезінде Ғани Мұратбаевтың өзі қойған еді. Сол тарихи атын қайтару арманым болатын. Бүгінгі күнге дейін «Лениншіл жас» газетін «Жас Алаш» деп өзгерткенімді өзімнің азаматтық, журналистік мақтанышым деп білемін. Кейін оны ресми тіркеттік.
Адам жас шағында батыр болады. Бас редактор қызметінен босатқан жағдайда өзімді жоғалтып алмайтынымды білдім. Себебі, мен ғылыммен айналысып жүргенмін, бәрібір университеттің мұғалімі болатын едім. Тіпті, болмаса жазу қолымнан келеді, кез-келген уақытта журналист қызметін атқарып, отбасымды асырайтыныма күмәнданған жоқпын.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы бола жүріп, 1994 жылы Жамбыл облысынан Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайландым. Сөйтіп, мәдениет комитеті төрағасының орынбасары болдым. Бір жыл қызмет істеп тарап кеткенмен, депутаттық үлкен мектептен өттім деп ойлаймын. Онда Жоғарғы Кеңестің мәртебесі де жоғары еді. Сол уақытта маңызды ұлттық мәселелер көп қозғалды. Бізде әсіре ұлтшылдар да, әсіре славяндық топтардың өкілдері де болды. Сондықтан да Парламенттегі жұмысымыз айқаймен басталып, айқаймен бітетін. Тіл мәселесі, ұлт мәселесі жиі көтерілді. Тоқетерін айтсам, кәсіби парламентаризмнің мектебінен өттік. Парламент тарап кеткен соң біраз уақыт жұмыссыз жүрдік. Кейіннен Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары болып тағайындалдым. Сол лауазымды 6-7 ай атқарғаннан кейін Президент әкімшілігіндегі жаңадан ашылған Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне ауыстым.
Президент әкімшілігінде бұрынғы жинақтаған білімдерімді көрсетуге мүмкіндік алдым. Жаңадан құрылған Ішкі саясат бөлімінің қалыптасуына еңбек еттік, ішкі саяси ұстанымдарды реттеу, Президенттің саясатын насихаттау, елге жеткізу жолында біраз тірліктер жасалды. Біліктілігім мен іскерлігімді бағалағаны болар, осы жерден мені «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметіне жіберді. Еліміздің бас басылымын екі жарым жылдай басқардым.
Адам өткен өмір жолын саралаған кезде көптеген жағдайларды еске түсіреді. Әйтеуір, қай газетте істесем де өзіндік қолтаңбамды қалдырыппын. Менің алдымда мықты-мықты тұлғалар бас редактор болған. «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұловтың, Шерхан Мұртазаның ізі жатты. Бертінде «Егемен Қазақстанда» Әбіш Кекілбаевтың, Шерхан Мұртазаның жолы сайрап көрінді. Сондықтан да асыл ағаларымыздың жолын ары қарай жалғастыруға ұмтылдым. Біршама жұмыстар атқарылды деп ойлаймын. Оның бағасын, әрине, тарих береді, зерттеушілер береді. Кезінде Еуразия мемлекеттік университетінің бір студенті менің шығармашылығымнан дипломдық жұмыс жазды. Соған өзім қуанып қалдым. Азды-көпті істеген қызметіміз осылай халыққа танылады, жұртқа жетеді деп санаймын.
Менің шығармашылығымда ұлттық мәселелер, ұлттық реңк басым
– Әдебиет деген сиқырлы да киелі әлем ғой. Кез-келген адам ақын, жазушы бола алмайды. Әдебиет әлеміне қалай келдіңіз?
– Әдебиетке келетін болсақ, «Қазақстан пионері» газетінде жүргенімде менің «Салпаңқұлақ» деген әңгімем шықты. Бұл болған оқиға еді, балалық шағымда көргем. Алматы облысының Жамбыл ауданында Бесмойнақ деген шағын ауыл бар. Мен тау ішіндегі сол ауылда тудым. Сол жерде колхоздың «Салпаңқұлақ» дейтін аты болған, сонымен қи таситын. Өзіміз баламыз, Медер деген досым бар. Әлгі атты екеуміз суытып, күтіп-баптадық. Кейін жаратып жарысқа қосқанда «Салпаңқұлақ» барлығынан озып, бірінші келді. Өзінің тұрқы қызық, құлағы ұзындау, шапқан шақта құлағы желпілдейді. Осыған қарап «Салпаңқұлақ» деп атап кеткенбіз.
Салпаңқұлақтың дүбірлі жарыстан озып келгені оның бағы болмай, соры болды. Колхоздың Мұқаш есімді бастығы жаңағы атты мініп алды. Сөйтіп, кешегі жүйрікті астына басып мініп алып, аттың бағын құртты. Алматыға кетіп қалып, 4-5 жылдан кейін келсем, Серғазы деген досымның әкесі бір ат мініп жүр екен. Ол кісі «Мына атқа мінесің бе?» деді. «Мінейін, бұл қандай ат?» десем, «Бұл баяғы «Салпаңқұлақ» қой» деп жауап берді. Бірақ атқа мінбедім. Бағы жанбаған аттың үстіне мінгім келмеді, өзімді біртүрлі ауыр сезіндім. Оқыс оқиға ойымда қалып қойған. Соны жазып, газетке жарияланысымен әңгіме керемет әдеби айналымға түсті. Жақсы пікірлер айтылды. Бердібек Соқпақбаев алғы сөз жазып, «Арман қанатында» атты жас жазушылардың кітабын шығарды. Соның ішінде менің «Салпаңқұлақ» әңгімемді ерекше атап, аталған кітапқа енгізді. Осылай әңгіме жанрына келдім.
«Салпаңқұлақтан» кейін де біраз әңгімелер жаздым. Дәл осы кезеңдердегі қиын тақырыптарды көтерген секілдімін. Мысалы, «Бесік» дейтін әңгімем бар. Бұған Арқада, қайын жұртымда болған оқиға арқау болған. Жалғыз ұлы Алматыда тұрады. Ата-аналары жалғыз ұлына артынып-тартынып барады. Шешесі «Баламның өзі өскен бесігі бар емес пе, сол бесігін немеремді салам деп армандап сақтап жүрмін ғой» деп бесікті алып барады. Студент баласы достарын жинап, шай береді. «Енді мына нәрестені бесікке бөле» дейді. Сол кезде келіні «Бұл ескінің қалдығы, ескінің сарқыты. Сәбиді бесікке жатқызбаймыз, бізге студент достарымыз коляска сатып әперді, соған жатқызамыз» дейді. Әке-шешесі өкпелейді. Елге бара жатқанда бесікті ала кетпек болады. Сонда келіні «Тастап кетіңіз, бесікті қайтесіз, оны отқа тамызық қылайық» дейді.
«Тілсіз» атты әңгімем де өмірде болған оқиғаның ізімен жазылды. Қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, профессор туралы баяндалады. Балаларының бәрі орысша оқыған. Естеріңізде болса, сол жылдарда классикалық әдебиеттерді макулатураға жинап өткізіп, талон алатын. Орысша оқыған профессордың баласы Морис Дрионның бір кітабын аламын деп, әкесінің бүкіл кітаптарын түрлі қалдық қабылдайтын жерге алып барады. Сол жерде шәкірті де тұрады. Ол шәкірті мен едім. Жаңағыны көріп, қолымдағы талонды беріп, ұстазымның кітаптарын алып кеттім…
– Уәлихан аға, жалпы, журналистика мен әдебиет екі үлкен шығармашылық сала. Қаламгер үшін екі бағдарды тақырыптық түйсіну мен түйістіру сыры неде деп ойлайсыз?
– Жалпы, менің шығармашылығымда ұлттық мәселелер, ұлттық реңк басым. Әлі күнге дейін журналистика қызметімен бірге әдебиетті қатар алып жүрмін. 30 шақты кітабым шықты. Оның ішінде тарихи деректі хикаяттар көп. «Сенімен және сенсіз» атты повесім бар. Мен оны өте жақсы көремін, бірінші повесім. Кеңес Одағы тұсында қызыл идеология үстемдік құрып тұрған дәуірде жазылған дүние. Әкімшілдік заманда қазаққа кесел боп тиетін нашақорлықтың алғашқы ұшқындары жөнінде, кейіпкерім – талантты жігіт. Оның нашақор болып, құрдымға кетуі туралы суреттеледі.
Алматыда өскендіктен, жағымсыз кеселдерді байқап жүрдім, көріп жүрдім. Естеліктер жаза бастадым. Нұрғиса Тілендиев жөнінде естелік жаздым. Қазақтың үш тұлғасы жайлы эссе дүниеге келді, мұны мақтаныш етемін. Біреуі – Сейдахмет Бердіқұлов, екіншісі – Жұбан Молдағалиев, үшіншісі – Сафуан Шәймерденов. 1986 жылғы оқиға барысында ұрпаққа өнеге болар жайларды көңілге түйдім. Сейдахмет Бердіқұлов комсомолдың орталық комитетінің бюросында КОКП орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі Соломенцев мырзаға «Сіз сұқ саусағыңызды шошайтпаңыз, бізді құртқан сол сұқ саусақтар» деген еді тайсалмастан.
Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағының Колбин қатысқан пленумында сөз сөйлеп, «Мен осындай жастардың өлімін көргенше, соғыста өліп кетуім керек еді» деді. Сафуан Шәймерденов сол пленумда «Мен сізден түнде Алматының көшесіне ешқандай оққағарсыз шығуыңызды сұраймын. Егер көшеде түнгі бір жарымда сізге біреу тисе, мен өзімді-өзім өртеп жіберуге дайынмын» деді. Батыл қадамдарымен елді сүйсіндірген, халқы үшін бастарын бәйгеге тіккен үш ардақты азаматтың жарқын бейнелері жадымда сақталып қалды.
Журналистикаға да, әдебиетке де азды-көпті үлесімізді қосуға тырысып жүрміз. Тағы бір көлемді повесім бар. Ол халқымыздың басына бұлт үйірілген сонау дүрбелең жылдарды, колхоздастыру дәуірін, қызыл қырғындағы оқиғаларды қамтиды. Шетке кетіп қалған екі ағайынды жігіттің тағдырымен байланысты. «Шеңбер» деп аталады. Тағдыры шеңберге айналып, ағайынның бірі Қытай асып, шет елге кетеді. Бірі – Кеңес Одағына қызмет етіп, аяғында соның құрбаны болады. Ұрпақтарынан тірі қалған бір бауыры Қытайдан кейін сырт асып, Америкада өмір сүреді. Кейін туған еліне келіп өлгісі келеді. Оралған соң бүкіл оқиғаларды, өзі жасаған қиянаттарды көріп, «Туған жерден маған топырақ бұйыруға тиіс емес екен» деп, кері кетеді. Соңында айдалада, сыртта өледі.
Шығармашылықта өзім көрген, өзім түйсінген мәселелердің төңірегінде ой толғауға тырысамын. Президент туралы кітабымды мақтаныш тұтамын. Президенттің қасында жүріп, көп шет мемлекеттерде болдым. Ешкім қатыса бермейтін отырыстарға қатыстым. Бір жерлерге диктофонымды министрлерге беріп жіберіп, ішінде болған оқиғаларды жаздырып алдым. Кітап ішіндегі репортаж, очерк іспеттес көркем туындыларымды жұрт біле бермейтін, қысылтаяң кездерде, Президенттің айтқан сөздерін негізге ала отырып жаздым. Жұртшылық тарапынан бағасын алды, қоғамдық пікір туғызды. Президент туралы бұл кітабым екі рет жақсы тираждармен басылып шықты.
Әлемге балалық кӨзбен емес, ағалық кӨзбен қарайтын шаққа жеттік
– Жазушы, журналист болу қай, қандай қоғамда да оңай емес. Бүгінгі таңда қаламгердің міндеті қандай деп ойлайсыз?
– Заманға қарай тақырыбын көтеру – қаламгердің міндеті. Осы міндетті қай қызметте болсам да орындаудамын, қолымнан қалам түскен емес. Елдің жағдайы, халықтың тағдыры, оралмандардың проблемалары – менің күнделікті тіршілігімнің, өмірімнің құрамдас бөлігі. Кезінде «Замана сыны» атты кітабым шықты. Көлемі 20 баспа табақ.
Мұнда Президенттің бүгінгі замандағы келбеті, қиыншылықтардан өту жолы, жұртқа беймәлім сәттер тұшымды тілмен суреттеледі. Президенттің тұлғасын әлем саясатындағы жарқын тұлғалармен қатар алып салыстырып, олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктері туралы, ұлттық тұғырдағы алатын орны хақында толғақты ойларды жаздым ғой деп ойлаймын.
Мен үшін ең қуаныштысы, «Замана сынын» Елбасының өзі оқыпты.
Бүгінгі күнде өмірді көрдік, жетпістен асып барамыз. Әлемге, айналаға балалық көзбен емес, ағалық көзбен қарайтын шаққа жеттік. Мінеки, менің журналистикадағы, әдебиеттегі, жалпы, өмірдегі ұстанымдарым осындай. Өзім естіген, өзім көрген, өзім білген қазақтың ұлы зиялылары туралы естеліктердің бәрі осы кітапқа жинақталды. Наурызбай батыр, Кенен Әзірбаев, Диқан Әбілев, Жұбан Молдағалиев, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Сафуан Шәймерденов, Сейдахмет Бердіқұлов секілді толып жатқан зиялы қауым өкілдерінің кескін-келбеті бір штрихтермен, бір әсерлермен, болған бір оқиғаның шеңберінде берілді. Өйткені, жұрт бәрін біле бермейді.
– Ұлтымыздың мақтанышына айналған небір дүлдүлдерімен, ардақты перзенттерімен дидарласып, сырлас болыпсыз. Бұл өзіңіздің жақсыларға жақындап, өнеге алып, солар секілді халқына қалаулы, еліне елеулі азамат ретінде көрінуге ұмтылуыңыздан шығар. Дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің есімін атап өттіңіз. Ұлтымыз қадірлеген ағаға қатысты естелік айтып бере аласыз ба?
– Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің үйіне бардым. Сәл отырғаннан кейін қызықты әңгіме айтты. «Бірде шаршап келе жатқанымда көкшетаулық азаматпен таныстым, кеңшар директоры екен. «Аға, елге келіп демалып қайтыңыз» деді директор. Шығармашылық тоқырауда жүрген кезім. Барсам барып, сергіп қайтайын деген ойға келдім. Бардық, құшақ жая тосып алды. Даңғарадай кең үйі бар, тай сойған, ауылдың азаматтары, бәрі жиналған. Бәрі «Нұрғиса ағамыздың әнін айтайық» деп ән шырқады. Ол менің әнім емес. «Жарайды, шатасып кеткен шығар» деп отырмын. «Ал енді келіндерге домбыра тартып берейін» дедім. Кеңшар директорының үйінде пианино, мандолина, гитара тұр, бірақ домбыра жоқ. «Әлгі мектеп директорының үйінде домбыра бар еді ғой». Машина жіберсе, оны немересі сындырып тастапты. Бір ауылда бір домбыра жоқ. «Ана жақта бақташы Балтабекте домбыра бар ғой» депті. «Онда сендер отыра беріңдер» деп Нұрғиса аға директордың машинасына мінеді де, айдалада тұрған бақташының үйіне келеді. Бақташы қонақты шырамытып таныпты. Үйіндегі тұрған домбыраны әрі-бері ұстап таңқалады. Домбыра керемет, шанағының жоғарғы жағы терімен тартылыпты. Таңға дейін отырып, күй тартады. Кетерінде бақташы «Аға, мінгізетін ештеңем жоқ, сізге беретінім – осы домбыра. Бұл домбыра менің қолыма емес, сіздің қолыңызға жарасады» деп домбырасын береді.
Нұрекең ауылға оралғанда жұрттың бәрі жерге қарап, ұялады. Сыйлы қонаққа жақсы тұлпар мінгізеді. Сонда композитор «Сен мына тұлпарды маған мінгіздің, мен мұны Балтабекке мінгіздім, апарып беріңдер» деп кетіп қалыпты. Ардақты ағамыз: «Сол ауылды көз алдыма елестеткім келеді, бірақ домбырасыз ауылды көз алдыма елестете алмадым» деді.
Нұрғиса Тілендиевтің өміріндегі осы оқиға төңірегінде «Домбырасыз ауыл» әңгімесін жаздым. Осы әңгіме өзбек, түркімен тіліне аударылып басылды.
Жалпы, қаламгер үшін тағдырлы тұлғалармен кездескен әр сәтті қалт жібермеген дұрыс. Өзімнің өмір жолымда жолықтырған асыл да абзал азаматтардың адами болмысы мен адамгершілік қасиеттері мен үшін қашан да қастерлі. Сондықтан да болар, қазақтың жақсы-жайсаңдарымен жүздескен сәттерімді көркем туынды деңгейіне жеткізуге тырыстым.
Сұхбатты жүргізген –
Есенгелді СҮЙІНОВ