Бұл күндері Атырауда поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған шаралар шеруі өтіп жатыр. Салтанатты шара ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойумен басталып, ғылыми конференция, поэзия кешімен жалғасуда.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Фариза апамыз білім алған жоғары оқу орны. Сондықтан да шараның басым бөлігі осы оқу орнында өтуде. Шараның алғашқы күні жиналған жұртшылыққа облыс әкімдігінің қолдауы, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсрысы бойынша «Бірегей» қоғамдық қоры түсірген «Ар мен ақын» деректі филімінің көрсетілімі болды. Одан соң өлең сүйер қауымға «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиоөлеңдер жинағы таныстырылды. Бұдан кейін ақынның шығармашылығына арналған ғылыми конференция өз жұмысын бастап, оған белгілі ғалымдар, ақындар, жазушылар және студенттер қатысты. Басты баяндаманы филология ғылымының докторы Қадыр Жүсіп жасап, ақынның шығармашылығына қатысты төмендегідей түйін айтты.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ кезінде қазақтың поэзия әлемінде бір жарқылдаған найзағай ойнады. Бағзы бұйығылықты жойып, ақын қыздар арасында поэзия аспанына сол жарықты алып келген Фариза болатын.
Жалпы конференция барысында Амантай Шәріп, Оңайгүл Тұржан секілді белгілі ғалымдар «Ф.Оңғарсынова және қазақ поэзиясының көркемдік әлемі», «Ақынның азаматтық ұстанымы және қоғамдық қызметі», «Ақын шығармашылығын оқытудың өзектілігі және тәрбиелік мәні» секциялары бойынша баяндамалар оқыды. Бұл баяндамалрды студенттер мен өлең сүйер қауым тұщына тыңдап, ақынның өмірі мен шығармашылығынан көп мағұлымат алды.
Нұрболат Абайұлы, журналист.