Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Президенті Әкімшілігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді. Форум жұмысына 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, Жазушылар одағы мен ассоциацияларының төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгерлер қатысады.
Алғаш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамытумен қатар еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздеп отыр.
Қазіргі жаһандану заманы рухани құндылықтарды кейінге ысырып, материалдық байлық алдыға шыққаны анық. Бұл үдеріс күллі адамзат баласының жан дүниесін жұтаңдандырып барады. Осынау рухани аштыққа жол бермес үшін бір құрлықты мекендеген елдердің бірлесе әрекет еткені дұрыс-ақ. Себебі, бұл жерде рухани жақындық та, салт-дәстүрлер сабақтастығы да бар. Оның ішінде түркі тілдес ұлттардың айрандай ұйуы тіпті қажет-ақ. Міне, бұл форумда осы бағыттта байланыстар орнайды деген сенім бар. Бұл жөнінде белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде төмендегідей пікір білдірген.
Кеңес Одағы тарқағаннан кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заман орнады. Одан бұрын Орталық Азияда тұратын халықтар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын. Ертеректе Әнуар Әлімжанов ұйымдастырған «Азия-Африка жазушылары конференциясының» аясында көптеген шығармалар өзге тілдерге аударылып, жеке-жеке кітап болып шыққан. Мемлекетаралық қатынастардың нығаюына бірден-бір сеп болатын мұндай бастамалардың маңызы зор.
Бұл пікірді белгілі ақын Темірхан Медетбек ағамыз одан ары дамытып, төмендегідей түйін айтады.
«Азия қаламгерлерінің I форумы» – бәріміз үшін көптен күткен үлкен оқиға болғалы тұр. Бұл бастаманың рухани маңызы өте зор. Көп жылдардан бері біздің шетелдермен, әсіресе, Азия елдерімен әдеби байланысымыз жадау, жұтаң күйге түскен еді. Қай елдің қандай бағытта жұмыс істеп жатқанынан бейхабар болып қалдық. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашатын алғашқы форумнан күтеріміз көп. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, әрқилы деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бітімімізді айшықтасақ, келешектегі келелі істерге айқын баспалдақ қаланар еді.
Рас, Азия елдері қаламгерлері болашақта бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, үздік шығармаларын алмасып, оқырмандарына ұсынса бәрінің де рухани әлемінде серпіліс орнары анық. Ал, рухани бай адам өзге құндылықтарға да ерекше құрметпен қарайтыны даусыз.
Нұрболат Сұлтанғазиев, журналист.