Bairaq.kz порталы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Кезекті ауқымды шара – Алтын Орда хандарынан бастап қазақтың кешегі айбарлы ұлдарына дейінгі аралықта жазылған маңызды хаттарды шолып шығу. Бүгінгі тақырып – ІІ Сефевид Аббас Шахтың Тәуке ханға жазған хаты.***
Қазақстандық тарихшылар үшін еліміздің байырғы тарихынан хабар беретін эпистолярлық мұраларға ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Мұндай жәдігерлер шет мемлекеттердегі бірқатар кітап қамбаларында, архивтерде, музейлерде сақталған.
Иран мемлекетінің бірнеше кітапханасында Қазақ хандығы тарихын зерттеп жүрген ғалымдар үшін аса құнды болып саналатын қолжазбалар бар. Солардың арасында «Муракка-и макатиб» («Хаттар альбомы»), «Муншаат» («Эпистолярлық және әдеби шығармалар»), «Байаз-и НаМаһа» («Хаттар дәптері»), «НаМаһа» («Хат») және тағы басқа еңбектерді ерекше атап айтуға болады.
Қазақ зерттеушілерінің қызығушылығы аумаған бұл қолжазбаларда ресми құжаттардың мәтіндері – шах жарғылары, мемлекетаралық келісімдер, дипломатиялық хронологиялар сақталған. Дипломатиялық корреспонденциялардың қатарында ирандық билеушілер мен көрші мемлекеттердегі, оның ішінде Қазақ хандығының билеушілерінің хаттарының мәтіні бар.
Ирандық тарих зерттеушісі Ирадж Афшар сефевидтік шахтардың қазақ ханы Тәуке ханға жолдаған хаттары туралы бірінші болып мәселе көтерген. Бұл хаттарға белгі соғылған жылдар қатары келесі (Хижра жыл санауы бойынша): 1072 (1661/1662 ж.ж.), 1101 (1689/1690 ж.ж.), 1104 (1692/1693 ж.ж.), 1105 (1693/1694 ж.ж.).
Бұл хаттарда Тәуке ханнан бөлек Тұрсын хан мен Болат сұлтанның да аты аталады.
2006 жылы аталмыш пистолярлық еңбектерді шығыстанушы Қ.Қари қазақ тіліне аударып, «Жұлдыз» журналында жарияланады. Өкінішке қарай, аты дардай журналымызда қазақ ханының атына жазылған құжаттың толық нұсқасы берілмепті.
Зерттеушінің айтуынша, ІІ Сефевид Аббас Шахтың Тәуке ханға жазған хаты жылнамашы Мана-Мұхаммед Мухсенхан толтырған жинақта сақталыпты. Ал бұл жинақтың қолжазбасын Исфахан қаласының тұрғыны Сейіт Мұхаммед Әли Рузати деген кісі сақтап келген.
Қазақстандық зерттеушілердің Иран Ислам Республикасының Мәжіліс кітапханасына жасаған сапарында «Сефевид дәуірінің хат жинақтары» қолжазбасының көшірмесіне қол жеткізеді. Хат мәтіні араб акценті қосылған парсы тілінде жазылған. Зерттеушілер оны қолма-қол орыс тіліне тәржімалаған. Біз өз оқырмандарымызға хатты қазақ тіліне аударып ұсынамыз.
ХАТТЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІ
«1072 жылдың джумади ал-аввал айында Исфахан шаһарында Жәңгір ханның ұлы, қазақтардың билеушісі Тәуке ханға хат.
Аса мейірімді әрі даңқты сұлтан билігінің иесі, ұлы хан Тәуке ханға!
Аса құдіретті Жаратқан Иенің сүйіспеншілігіне бөленген, Шыңғыс әулетінің ұлы ұрпағы, билік пен даңқтың иесі, тақ билеушісі, ұлылық пен халық қорғанына өзара достық пен тығыз қарым-қатынасты білдірмек мақсатта жазылды.
Бұл жазба Патшалардың Патшасы билік пен даңқтың шарықтау шегінде отырған аса бақытты әрі қайырымды уақытта жазылып отыр.
Осы хаттың мейірімді иесі Әміршінің сеніп көрсетіп, жазбаның шынайы әрі ынтымақтастық мазмұнына иланып қайыра жауап беретінінен үмітті. Әмірші тарапынан біз жаққа назар түссе, ол күн нұрының шыны ыдысқа шағылысқан сәтіндей аса жарық әрі аса маңызды құбылыс болар еді.
Осы құбылыс орнаған сәтті екі ортада достық пен махаббат салтанат құрып, сенімсіздік пен күдіктің пердесі жойылып, қос тараптың талаптары өзара келісім бойынша қанағаттандырылмақ.
Осы жазба арқылы біз Сіздің ұлылығыңызды мойындай отырып, гүлденген елдің салтанат биігіне көтерілген сәтінде өзара достықты нығайтып, соғыстардың алдын алуды көздейді. Егер Сіз осы ұсынысымызды мақұл көрсеңіз, біз әмәнда игілік пен достық жолына адал ұстанымда болуға ниеттіміз.
Сұлтан әулетіне және Аса Ұлы Әміршіге даңқ пен күш, ұлылық сәулесінің ұлғаюын және бақытты күндер тілейміз!»
Басып шығару